Түркістан облысында жолаушылар тасымалының динамикасы 10,8 пайызға артты
Түркістан облысында 39 тасымалдаушы 283 тұрақты бағыт бойынша 1208 қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалдау қызметін көрсетуде. Оның ішінде облысаралық – 72 , ауданаралық – 32, қалалық – 48, ауданішілік – 131 тұрақты бағыт бар. Көліктің барлық түрін есептегенде 19,3 млн. жолаушы тасымалданды. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 10,8%-ға артқан. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған саланы дамыту бойынша жиналыс өткізіп, мәселелер мен жоспарларды талқылады.
– Әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша қоғамдық көліктерді субсидиялауда тұрғындардың талап-тілектері ескерілуі тиіс. Ең маңызды бағыттарға ғана қолдау көрсетіледі. Аудан, қала әкімдері жергілікті деңгейде маңызы бар қоғамдық көлік бағыттарын жүйелеп, тиісті жұмыс жүргізсін. Қаржы нақты есептеліп, үнемделіп жұмсалуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, 2023 жылы облыста 210 қоғамдық көлік жаңартылды. Түркістан қаласында тасымалдаушылар есебінен 78 жаңа автобус сатып алынды.
Әлеуметтік маңызы бар автомобиль бағыттарын субсидиялауға келсек, былтыр 79 бағытқа 6,3 млрд. теңге субсидия бөлінген. Субсидия көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. 2024 жылы 89 бағытқа 4,6 млрд. теңге субсидия қаралып, Түркістан қаласына 3,9 млрд. теңге қаралып отыр. Қалған аудан, қалалар жергілікті бюджетінен 700 млн. теңге бөліп отыр. Бәйдібек, Созақ, Сайрам, Келес аудандарында субсидия мүлдем қаралмаған.
Басқарма тарапынан 2024 жылдың 23 ақпанында тұрақты бағыттарға қызмет көрсетуге конкурс өткізу жоспарланған. Аталған конкурсқа 27 бағыт қойылады (11 облысаралық және 16 ауданаралық).
Бүгінде пилоттық жоба ретінде 3 ауданаралық бағыттарды субсидиялау көзделіп отыр. Атап айтқанда, Кентау – Түркістан, Арыс – Түркістан (Шәуілдір арқылы), Жібек жолы – Түркістан бағыттары ұсынылған.
Жиында заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою мәселесі де талқыланды. Өйткені, заңсыз жолаушы тасымалы адам денсаулығына да қауіп тудыруда. Облыста 2 095 көлік заңсыз тасымалдаумен айналысады. Басқармамен, аудан, қала әкімдіктерімен 2023 жылы жалпы 83 рейдтік іс-шара өткізіліп, 328 әкімшілік хаттама түзілді.
Рейдтер жалғасады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне салаға қатысты заңнамаларды өзгерту туралы 30-дан астам ұсыныс жолданған.