Түркістан облысында жаңа оқу жылында 560 мыңнан астам оқушы білім алады

Түркістан облысында өткен 2024-25 оқу жылында 1093 мектеп қызмет атқарды. Оның ішінде 922-сі – мемлекеттік (84%), 171-і – жекеменшік. Биыл «Келешек мектептері» жобасы мен жаңа құрылыстар есебінен мемлекеттік мектептер саны 13-ке артып, 935-ке жетеді. Жаңа оқу жылында жобамен 1-11 сыныптарда 568 мыңға жуық оқушы білім алады деп күтіліп отыр. 1-сыныпқа 48 мыңнан астам оқушыны қабылдау жоспарланған болса, бүгінгі таңда 32 893  оқушы қабылданды. Облыстағы білім ұяларының жаңа ооқу жылына дайындығы облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

– Құрылысы және жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептер уақтылы әрі сапалы тапсырылуы тиіс. Жұмысшылар санын көбейтіп, құрылысты жеделдетіңіздер. Білім ұялары 1-қыркүйекке дейін 100 пайыз дайын болуы керек. Білім ұяларын қатты және сұйық отынмен қамту, жылыту маусымына дайындау бағытындағы тірлікті де ширату қажет. Барлық мектептер мен балабақшалар қажетті отынмен қамтамасыз етілетін болсын, – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орыновтың айтуынша, «Келешек мектептері» жобасы аясында жоспарланған 29 мектептің 13-і пайдалануға беріліп, 9 мектепте оқу процесі жүрді, қамтылған оқушы саны – 7 694 (77%). 4 мектеп оқу процесін осы жаңа оқу жылында бастайды. Биылғы 1-30 тамыз аралығында 16 мектеп іске қосылады деп күтілуде. Мектептерді жаңғырту жобасына облыстың 115 мектебі енгізілген. 2025 жылға облыста жоспарланған 41 мектептің ішінде ағымдағы жөндеумен 15 мектеп, күрделі жөндеумен 26 мектеп қамтылады. Қазіргі таңда 41 мектептің қырығында бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Биыл 6 күрделі жөндеу және 15 ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандар пайдалануға беріледі. Қалған 20 нысан 2026 жылға өтпелі.

Мемлекеттік мектептің 798 типтік, 124 ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Облыстық бюджет есебінен биыл 17 білім нысаның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда 11 мектеп пен 1 колледждің 120 орындық жатақханасы және 5 қосымша білім беру ұйымы салынып жатыр.  Осы 17 білім нысанының 4-еуі биыл пайдалануға берілсе, қалған 13-і 2026 жылға өтпелі.

Облыстағы 110 білім нысанының ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігерлер анықталған.

Жалпы 1256 (мектеп, балабақша, қосымша білім беру ұйымдары) білім беру нысандарының гидравиликалық сығымдаудан өткізуге қаржы қаралып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталынан мердігерлер анықталып, 77% гидравиликалық сығымдау жұмыстары жүргізілді. Қалған  Түркістан қаласы, Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Сайрам, Ордабасы аудандарында гидравиликалық сығымдау жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін толықтай аяқталады. 378 мектепке қажетті 60,5 мың тонна қатты отын (көмір) сатып алу бойынша мердігерлер анықталып, келісімшарт түзілген. Табиғи газбен 831 мекеме жылытылады.