Түркістан облысында төрт түлік пен үй жануарларына 30,1 млн. вакцина егіледі

Түркістан облысында ветеринария саласына тиісті қолдау көрсетіліп, жұмыстар күшейтілді. Ауыл шаруашылығы жануарлары арасында кездесетін 16 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы тиісті іс-шаралар атқарылуда. 2023 жылы барлығы 13 ауруға қарсы 29,5 млн. доза вакцина егіліп, жоспар толығымен  орындалды. 2024 жылы 30,1 млн. доза вакцина егу жоспарланып, бүгінгі таңға 12,8 млн. доза вакцина бөлініп, аудан, қалалардағы уақытша сақтау қоймаларына жеткізілген. Төрт түлікке екпе жұмыстары басталуда.

Бұл саладағы жұмыстар мен кемшіліктер және жоспарлар Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде ауыл шаруашылығының маңызы жоғары екеніне тоқталып, ветеринария саласындағы жұмыстар өте сапалы атқарылуы тиіс екеніне тоқталды. Өз жұмысын дұрыс атқара алмай жатқан кейбір филиал басшыларына қарсы қатаң қызметтік шара көруді тапсырды.

–  Эпизоотиялық жағдайды үнемі бақылап, тұрақты ұстап отыруымыз керек. Өйткені, Түркістан облысының негізгі басымдықтарының бірі – мал шаруашылығы. Егер ветеринария саласында эпизоотиялық жағдай дұрыс болмаса, мал шарушылығына зиян келеді. Экспорт та тоқтайды. Сондықтан өте үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеңіздер. Көптеген аудандарда жолдың бойында, қоқыс полигондарында малдың өлекселері жатыр. Малды сойып, терісін далаға тастап кететіндер де бар. Бұл аурулардың таралуына әкеліп соғу мүмкін. Сондықтан осы мәселені ретке келтіріңіздер. Қатаң қадағалап, тәртіп орнату керек. Биыл ветеринария саласында кене шағу жағдайларын, мал ауруларының таралуын төмендетіңіздер. Ол үшін вакцинация, зарарсыздандыру жұмыстары сапалы әрі оны жүргізген мамандар білікті болуы тиіс, – деген Дархан Сатыбалды Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы мал базарын ретке келтіру, өңірдегі мал базарларын талапқа сай ету, санитариялық тазалық жұмыстарын күшейту, «Беккари» шұңқырларына қатысты түйткілдерді шешу бойынша тапсырмалар берді.

Түркістан облысының ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай ветеринариялық іс-шараларды өткізу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2022 жылмен салыстырғанда бруцуллезге шалдығу дерегі мүйізді ірі қараларда  – 41 %, уақ мал арасында 37 %-ға азайған. 

2024 жылы бруцеллез ауруына қарсы 1 247,0 мың ірі қара және 4 344,8 мың бас уақ малдардан қан сынамасын алу және ветеринариялық зертханаға жеткізу жоспарланып, бүгінгі танда 105,2 мың, бас ірі қара, 281,5 мың, бас уақ мал тексерілді.

Былтыр энзоотиялық аурулардың алдын алуға қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға қаржы бөлініп, бұл іс-шараларды атқаруға кәсіпорыннан 1552 қызметкер жұмылдырылған.  Мамандар арнайы қорғаныс киімдермен қамтамасыз етілген.  17 дана сәйкестендірілген ДУК автокөлігі әперілген.  3 056,5 мың бас ірі малды бүрку және 9 773,7 мың бас ұсақ малды тоғыту жұмыстары жүргізілді.  74,2 млн. шаршы метр қора жайлар мен жапсарлас аумақтар, 29,2 млн. мал иірімдері, суаттар, бұталар залалсыздандырылған.

Биыл бұл іс-шараларға қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға қаржы бөлініп, жеңімпаз мердігермен келісімшарт түзілді. Көктемгі кезеңде 1 595,7 мың бас ірі малды бүрку және 5 197,0 мың бас ұсақ малды тоғыту, қоражай мен жапсарлас аумақты, суаттар мен бұталарды залалсыздандыру, тиісті іс-шараларды атқару жоспарланып отыр.

Құтыру ауруының алдын алу және таралу жолдарын болдырмау мақсатында былтыр қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Қолданыстағы ережелерді сақтамай үй жануарларын қараусыз жібергені үшін ішкі істер органына 514 ұсыныс беріліп, 485 адамға «Әкімшілік құқық бұзушылық» заңы басшылыққа алынып, айыппұл салынды. Үй жануарларын есепке алу бойынша 12 915 бас ит-мысық чиптеліп, «Танба» дерекқор базасына енгізіліп, есепке алынды.

ПІКІР ЖАЗУ