Түркістан облысында шомылу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Түркістан облысында су нысандары мен шомылу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Аталған мәселе арнайы мәжілісте талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырма берді.

– Шомылу маусымы ашылып жатыр. Төтенше жағдай департаменті, аудан, қала әкімдіктеріндегі жауапты бөлімдер қырағылықты күшейтуі тиіс. Тұрғындар арасында суға шомылу ережелерін сақтау, қауіпті аймақтарға шомылмау жөнінде түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Барлық аудан, қаладағы жұртшылық шомылатын орындардың картасын әзірлеп, сол аймақтарда қауіпсіздікті күшейту керек. Су нысандарын қоршау, балаларға арналған каркасты бассейндермен, коммуналды шомылу жағажайларымен қамту жұмыстары жандансын, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы басшылығының баяндамалары тыңдалды

Облыста жалпы 4334 су нысандары бар. Олар: 42 су қойма, 149 ірі және кіші өзен, 25 көл, 2870 канал және 1248 қашыртқы.Мәжілісте  шомылуға белгіленген орындарда 23 коммуналдық жағажай ашуға және талаптарға сәйкес жабдықтауға қолдау көрсету жөнінде ұсыныс берілді.

Шомылу маусымы барысында судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстарына еріктілер мен жасақшылардың тартылуы оң нәтиже әкелуде. Биыл жұмыспен қамту орталығынан 71 адам (2023 жылы – 68) алынды және жыл басынан 262 ерікті үлкен үлесін қосуда. 

ПІКІР ЖАЗУ