Түркістан облысында санитарлық талаптарға сай келмейтін полигондар реттеледі
Түркістан облысында өңір басшысының тапсырмасымен қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын зерделеу жұмыстары жүргізілді. Тиісті іс-шара жоспары жасалып, тапсырмалар берілген. Бастапқыда 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарының талапқа сәйкес келмейтіні 60% пайыз болған еді. Соңғы анықтау, тексеру барысында 70% яғни 109 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды.
Өңір басшысы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысына, аудан, қала әкімдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатаң түрде тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
– Облыс аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигондардың қазіргі жағдайына талдау жүргізуді тапсырғанмын. Айтылған кемшіліктер жауапты басшылар тарапынан бақылау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмеу салдарынан болып отыр. Кемшіліктерді шұғыл түрде жоюды тапсырамын. Бірінші кезекте аудан, қала аумақтарындағы қолданыстағы полигондар санитарлық талаптарға сәйкестендірілсін. Тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон аумағын қоршау, жол төсеу, көліктердің дөңгелектерін заласыздандыруға арналған дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісімен қамту, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қою жұмыстары атқарылуы тиіс. Жергілікті әкімдер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қоқысты бей-берекет тастайтын тұрғындармен, кәсіпорындармен тиісті жұмыстарды жүргізіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің айтуынша, полигондарды талаптарға сәйкес келтіру үшін іс-шара жоспары бекітіліп, 7 полигонның құжаттамасы құрылыс басқармасына ұсынылса, 20-ға жуық жобалық- сметалық құжаттама әзірленіп, 8-нен мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған.
– Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау бағыты басты мәселеге айналып отыр. Облыстың даму жоспарындағы негізгі индикатордың бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу. Оның үлесін 2022 жылы 19%-ға жеткізу жоспарланып, толық орындалса, биыл 23% жеткізу жоспарланып, жыл сайын өңдеу үлесі өсуде. Бүгінгі таңда облыста 4 мекеме қайта өңдеумен айналысса, сұрыптаумен 13 жеке кәсіпкер айналысады. Шардара, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында қайта өңдеу, сұрыптаумен айналысатын кәсіпкер жоқ. 11 аудан құрылыс қалдықтарына арнайы жер телімдерін белгілеп, мемлекетік акті алса, 5 аудан әлі күнге дейін орындамай отыр, – деген басқарма басшысы ғарыштық түсірілім жасау арқылы өткен жылы 408 заңсыз қоқыс орны анықталып, жыл соңымен толық тазаланғанын айтты.
Түркістан облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Қалмахан осы бағытта атқарылған жұмыстар мен мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, биыл қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында 29 тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталған. 41 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.
Мәжілісте полигондарды ретке келтіру жөнінде ұсыныстар қаралып, нақты тапсырмалар берілді. Бұл жұмыстар қатаң қадағалауға алынды.