Түркістан облысында мұғалімдер жалақыларын ала алмай жүр

Түркістан облысында жалақыларын ала алмай жүрген мұғалімдерге айлық дүйсенбіден бастап жіберіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркістан облысында мұғалімдер тамыз айының айлығын әлі ала алмай отыр. Өңірдің мұғалімдері бұл туралы әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр.

Түркістан облысы Білім басқармасының баспасөз қызметінен айлығын алмаған мұғалімдерге қашан жалақысы жіберілетінін сұрап көрдік.

Түркістан облысы Білім басқармасының есепшоты ашылып, білім беру мекемелеріне жалақы төлеу басталды. Жалақы бірінші кезекте аудандағы мектептерге беріледі, екінші кезекте жан басына шаққандағы қаржыландырылатын білім беру мекемелері және облыс деңгейіндегі білім беру мекемелеріне аударылады. Қазіргі таңда тіркеу жұмыстары іске асырылып жатыр, – деп жауап берді басқарма.

Бүгінгі таңда 93 қалалық, және 40 облыстық білім беру ұйымы Әділет департаментінен толық құжаттарын алды.

Дүйсенбіден бастап құжат өткізу кезектілігіне қарай тиісті қаржылар аударылады, – деді облыстың білім басқармасы.

Мұғалімдердің жалақысының уақытылы аударылмағанының негізгі себебі – мекеменің атауын ауыстыруында болған.

Бұған дейін ведомство Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы деп аталатын. Атауы өзгертілді. Осы себептен құжаттарды толық реттеу үшін есепшоттар жабылған. Атауы өзгерген соң Әділет департаментіне және Халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеледі. Ол жақта құжаттардың көптігіне байланысты кешеуілдеп қалды, – деді Түркістан облысы Білім басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Нұрлан Сұлтанбек.

ПІКІР ЖАЗУ