Түркістан облысында мереке күндері қоғамдық қауіпсіздік күшейтіледі

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде Мереке күндері қоғамдық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жаңа жылды мерекелеу кезеңінде көшелер мен қоғамдық орындарда мәдени-бұқаралық іс-шаралар көбейеді. Азаматтардың қатысуымен жиындар саны артады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекемелерге тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.

– Мереке күндері аймақтарда көпшілікке арналған іс-шаралар көп өтеді. Көлік қозғалысы да көбейеді. Қырағылықты күшейтіп, қауіпсіздікті сақтау керек. Кезекшілік ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіп қадағалансын, – деді облыс әкімі.

Мәжілісте Түркістан облысының Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің баяндамасы тыңдалды. Ол тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейтінін мәлімдеді.  29 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін Полиция департаменті мен «Ұлттық ұлан» әскери бөлімінің жеке құрамы күшейтілген күн тәртібіне ауыстырылды. Мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде азаматтар жаппай жиналатын орындарға –вокзалдар, базарлар, сауда үйлері және тағы басқа нысандарда полицейлер саны көбейтіледі. Сонымен қатар, көшелер мен қоғамдық орындарда бейнебақылау камералары арқылы бақылау күшейтіледі. Өңірде бүгіннен бастап 3 қаңтарға дейін «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара барысында полиция және төтенше жағдай қызметкерлері пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактілерін анықтап, жолын кесуде. Басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау.

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешев Жаңа жыл мерекесі күндері өрт қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету туралы баяндады. Жаңа жыл мерекесін өткізу барысында департаменттің күш пен техникалық құралдары дайындыққа келтіріліп, жеке құрам қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қызметтің күшейтілген нұсқасына өтеді. 31 желтоқсан күні департамент тарапынан 238 қызметкер мен 88 техника қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ халық көп жиналатын алаңдарда, шырша қойылған орындарда мереке күні кезекшілік ұйымдастырылады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстық, қалалық, аудандық маңызы бар іс-шаралар өтетін нысандардың тізімі қалыптастырылып, 104 нысан тексерілді. Қарау нәтижелері бойынша 101 кемшілік анықталып, бәрі жойылған.

Апталық отырыста облыс бюджетінің игерілу барысы да талқыланды. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқарма басшысының міндетін атқарушы Нағима Нұрманованың айтуынша, облыс бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттің кірістері 176,5 млрд. теңге болады деп көзделген. Биылғы 22 желтоқсандағы көрсеткіш бойынша  кірістер 171,9 млрд. теңгені немесе жоспардың 97,4%-ын құрады. Өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда түсім 7,9 млрд. теңгеге артып, өсу қарқыны 6,6%-ды құрап отыр. Облыс әкімі басқармалар мен аудан, қала басшыларына қаржыны игеру жұмыстарын күшейтуді, индикаторларды сапалы орындауды тапсырды.

ПІКІР ЖАЗУ