Түркістан облысында «Мамандығым – болашағым» жобасы іске қосылды

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан облысы бойынша «Мамандығым – болашағым» өңірлік жобалық кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. «Мамандығым – болашағым» жобасы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – аймақтың еңбек нарығындағы өзгерістерін болжау және оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру.

Кеңсенің тұсаукесеріне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Қожа Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова бастаған басшылық құрам, «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Олжас Сәкенов,  Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы жобалық кеңсесінің өкілдері және оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Жиында сөз бастаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беру жүйесін кадрлық қажеттіліктерге неғұрлым нақты бағдарлау мақсатында форсайт-зерттеулер жүргізудің, кадрларға өңірлік қажеттілік карталарын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. 

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жобаның берері мен маңызы туралы кеңінен баяндады. «Облыста елдің болашағы үшін маңызды жиынды өткізіп жатқандарыңыз үшін қуаныштымыз! Осы себепті облыс әкімдігі мен университет атынан сіздерге шынайы алғысымызды жеткізгіміз келеді.  «Мамандығым-болашағым» жобасы бойынша арнайы жол картасы әзірленіп, облыс әкімдігінің бекітуімен 2022 жылдан бері іске асырылуда» деген облыс әкімінің орынбасары өңірдегі кадр тапшылығы басым салалар туралы айтты.

ПІКІР ЖАЗУ