Түркістан облысында күн электростанциясы ашылды

Түркістан облысындағы Отырар ауданында «Шәуілдір» күн электростанциясы өз жұмысын бастады. Айта кетейік, бұл Италиялық «Eni» компаниясының Қазақстан аумағында бой көтерген алғашқы станциясы. Маңызды нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен шетелдік қонақтар қатысты.

Аталған жобаның оңтүстік өңірде жүзеге асуы болашақта таза, тұрақты энергияға көшуге жасалған үлкен қадам саналады. Маңыздылығы жоғары нысанның ашылу салтанатына шетелдік инвесторлар мен Италияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Марко Альберти бой көрсетті. Облыс басшысы өз сөзінде Италия мен Түркістан облысы арасындағы байланыстың арқасында, алдағы уақытта қоршаған ортаға пайдасы мол жобалар дүниеге келетініне сенетінін айтты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Құрметті қонақтар, және Эни компаниясының өкілдері мынау біздің Шәуілдір күн сәулесінен электроэнергия шығаратын станцияның басталуымен осындай салтанатты іс-шараға қош келіпсіздер. Шәуілдір ауылында электростанцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Осы жерде бірінші кезекте елші мырзаға және Алекс Сталевата мырзаға осындай салтанатты шараның ашылуында бірге отырғанға бір қол шапалақ ұрып қояйық».

Аталған жобаны маңызды, пайдалы тұстары көп. Әуелі жаңа электр станциясы Түркістан аймағының дамуына жағдай жасап, ауа райының жақсаруына да үлес қосады дейді шетелдік инвесторлар. Сонымен қатар, 300-ге жуық азамат жұмыспен қамтылады. Бүгінде онда 50- ге жуық жұмыс орны ашылды. Ал жалпы нысанның құны – 22,7 млрд теңге.

Марко Альберти, Италияның Қазақстан Республикасындағы елшісі: «Құрметті әкім мырза мынау суретке біз былтыр түскен болатынбыз. Және сол кезде бір-бірімізге уәде бердік. Осы жоба жүзеге асатынын. Қойылған мақсат күрделі алайда, оған жету жолы белгілі. Мақсатқа жету оңай емес. Себебі халықаралық энергетика агенттігінің мәліметі бойынша, цельсий бойынша 1,5 градусқа жету үшін біз көлемді 3 есе арттыруымыз керек. Біздің алдымызда  жарқын болшаққа жетуде әлі де елеулі міндеттер тұр. Сол себептен де осы жолда біз Шәуілдір күн электростанциясының ашылу салтанатын бірінші қадам деп білеміз».

Жаңадан салынған орталықта енді 93 мыңнан астам күн панелі мен қосалқы электр станциясы іске қосылды. Бұл тораптар ұзындығы 7,5 шақырым электр тасымалдау желісі арқылы жергілікті желіге біріктіріледі. 100 га аумақты алып жатқан орталық жылына 90квт/сағ электр энергиясын өндіретін болады.

ПІКІР ЖАЗУ