Түркістан облысында короновирусқа қарсы жұмыстар күшейтіледі

Соңғы кездері Түркістан облысында коронавирус індетінің таралуы жиілеп, өңір «сары» аймаққа өтті. Бұл өзекті мәселе Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды.
– Коронавирустың таралуы бойынша жағдай қиындап бара жатыр. Сондықтан нақты шараларды қолға алу керек. Әкімдер, тиісті басқарма басшылары жұмысты қайтадан күшейтуі тиіс. Екі жыл бойы атқарылған жұмыстарға сараптама жасап, оң әсерін тигізетін іс-шараларды қайта қолға алған жөн, – деді облыс әкімі.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышановтың айтуынша, өткен тәулікте коронавирус дертімен ауырған 112 жағдай, жыл басынан бері 1800-ден астам жағдай тіркелді. Түркістан облысында вакцинаның екі компонентін салдыру көрсеткіші жоғары. Республикада алдыңғы қатарда тұр. Қазір ревакцинациялау қарқынды жүруде. Облыстағы барлық 150 егу пунктінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина салынып жатыр.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан жыл басынан бері карантиндік және шектеу талаптарын бұзу фактілері бойынша 23 әкімшілік хаттама толтырылып, 1 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Коронавирустық инфекцияның өсуіне елде «омикрон» штамының таралуы әсер етіп жатыр. ДДСҰ мәліметі бойынша «омикрон» штамы әлемнің 130-ға жуық елінде тіркелген.
Сонымен бірге елді-мекендерде бетперделік режимнің және әлеуметтік ара-қашықтықтың сақталмауы, той-жиындар мен отырыстар тиылмай, халықтың көптеп шоғырлануы да кері әсерін тигізуде. Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдеріне жоғарыда аталған мәселелерді назарға алып, вирустың таралуын шектеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ