Түркістан облысында Қаңлы мемлекетінен қалған тарихи жәдігерлер сақталған мектеп бар

Түркістан облысы, Келес ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы №31 жалпы орта мектебінде тарихи-археологиялық мұражай бар. Мұражайда көне ғасырларға жетелейтін тарихи құнды экспонаттар сақтаулы тұр.

– Музей біздің заманымызға дейінгі және біздің заманымыздағы I-XIII ғасырда табылған заттар мен жәдігерлер есебінен құралған. Археологтардың айтуынша, Келестен орта ғасырдағы Қаңлы мемлекеті және Қарахан мемлекеті кезіндегі хронологиялық кезеңге жататын заттар табылған. Бұл аумақ үлкен қала болып, Қаңлы мемлекеті ханының жазғы саяжай болғаны айтылады. Сонымен қатар қолөнер орталығы болған деген дерек бар, – дейді мектеп музейінің меңгерушісі Қайрат Үсенов.

Тарихи деректерге сүйенсек, археологиялық қазба жұмыстары 1985-1986 жылдары жүргізілген. Қазба жұмыстарына сол кездегі Қазақ КСР Ғылым Академиясына қарасты Археология институтының ғылыми қызметкері, ғылым докторы К.Ақышев пен тарих ғылымының кандидаты А.Подушкин жетекшілік жасаған.

Мұражай 1990 жылы Келес аудандық атқару комитетінің 28 ақпандағы №497 шешімімен ашылған. Мұражайды ұйымдастырып ашқан азаматтар: сол кездегі Келес аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы, қазақ халқы мен тарихының жанашыры Гулнара Ақбердина, Жүзімдік кеңшарының директоры, ұлт пен ана тіліміздің жанашыры, мәдениет пен өнер қамқоршысы – Беркін Қалмаханов, №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, бала тәрбиесінің бағбаны, майталман маман – Асқанбай Есенбековтер болды.

Ауыл тұрғындары да музейдің экспонаттық қорын толықтыруда ерекше белсенділік танытып, үйлеріндегі ескі тарихи жәдігерлерді әкеліп тапсырды. Атап айтқанда, Ахметов Исабек, Сәрсенов Нарбай, Ботбаев Сыдық, Пазылов Артықбай, Үсенов Ақберді, Парманов Ақжол, Сапаров Қамбарқұл, Иманов Жолдас, Айдаров Қалыбек және өзге де тұрғындар өз үлестерін қосқан.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ