Түркістан облысында қалдықтарды өңдеп, ауыл шаруашылығына қажетті заттар шығаратын цех бар
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапарында ерекше кәсіпорынның қазіргі жай-күйімен танысты. Атап айтқанда, Біртілек ауылдық округі аумағында орналасқан «Келес Пласт» ЖШС-нің қайта өңдеу цехында болды.
Аталған цех 2018 жылдан бері ауыл шаруашылығына қажетті пленка, пресс жіп, жылыжайға арналған қысқыш (зажим), көшет өндіруге арналған стакан түрлерін шығарады. Жергілікті тұрғын Нұржан Омаров жетекшілік жасайтын кәсіпорында жылыжай шаруашылығына қажетті заттар шығарылып, шаруалар арасында сұранысқа ие болып отыр.
Сонымен бірге былтыр тамшылатып суғаруға арналған заттар да өндірісін де қолға алған. Бұл жоба облыс делегациясы мен кәсіпкерлерінің Қытай мемлекетіне сапары нәтижесінде жүзеге асқан. Кәсіпорын сағатына 12 мың метр өнім шығаруға қауқарлы.
Кәсіпкермен кездескен Дархан Сатыбалды осы бағыттағы жобаларды көбейту маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ кәсіпкердің қадамын жоғары бағалап, отандық өнім көлемін арттыру қажеттігін атап өтті.
Тамшылатып суару технологиясын шығаратын кәсіпорынның жобалық қуаттылығы сағатына 12 мың метрді құрайды. 2023 жылы іске қосылған кәсіпорынның жер көлемі 0,80 га құрайды. Жобаның жалпы құны – 100 млн. теңге. Аталған кәсіпорынды жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен ашқан. 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған цехта жұмысшылардың орташа жалақысы – 200 мың теңге.
Айта кетейік, цехта жарамсыз полиэтилен пленкалары, пластмассалар қайта өңделеді. 2023 жылдың қорытындысымен жалпы Келес ауданы бойынша 3900 тонна қоқыс жинақталып, оның 741 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды (19%).
Цехтың жұмысымен танысқан соң облыс әкімі Келес ауданы кәсіпкерлерінің өнімдері мен жобалары ұсынылған көрмені көрді. Жауапты басқармалар мен аудан әкіміне өндіріс орындарын көбейту, жұмыс орындарын ашу жөнінде тапсырмалар берілді.