Түркістан облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа өнер мектебі ашылды

Түркістан облысында мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын 30-ға жуық нысан мен жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның алғашқысы – Темірлан ауылында бой көтерген жаңа өнер мектебі. Құрылысы биыл сәуір айында басталған нысан ел игілігіне тапсырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Бұған дейін Темірлан ауылындағы 400-ге жуық бала жарты ғасыр бұрын салынған, апатты жағдайда тұрған музыка мектебінде білім алып келген еді. Енді өнерге бейім өрендер заманауи талаптарға сай салынып, толық жабдықталған жаңа ғимаратта музыкалық білімін жетілдіре алады.
ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков жаңа нысанның өңірдің мәдени дамуына серпін беретінін атап өтті.
Құрылыс жұмыстарының тез әрі сапалы аяқталғанына куә болып отырмыз. Ауыл тұрғындары да жұмыс орындарымен қамтылатын болады. Бұл шаралар осы және көршілес елді мекендердің жағдайын жақсартуға, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беретін үлкен қадам. Бұл мектеп балаларымыздың өсуіне, білім алуына жол ашып, ауылымыздың дамуына оң әсер береді деп сенемін, – деді ол.
Жаңа музыка мектебі 150 орындық акт залы, кітапхана, ұлттық аспаптар кабинеттері, гитара және фортепиано сыныптары, хор бөлмесі, дыбыс жазу студиясы және түрлі шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелермен қамтылған.
Өнер мектебінің оқушыларының бірі Әсия Алмасхан жаңа ғимаратта оқуға мүмкіндік алғанына қуанышты екенін айтты.
Мен фортепиано сыныбында 9 жасымнан бастап оқимын. Қазір Түркістанда өтетін облыстық байқауға дайындалып жатырмын. Бұған дейін облыстық, аудандық, халықаралық сайыстарға қатысып, бас жүлде мен жүлделі орындарға ие болдым. Болашақта “Өнер” университетіне түсіп, фортепиано өнерін әрі қарай жалғастырғым келеді, – деді жас өнерпаз.
Елде заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасуда. Президент тапсырмасына сәйкес бұл қаражат жүздеген әлеуметтік нысанның құрылысы мен жаңғыртуына бағытталуда. Түркістан облысында осы қор есебінен 26 елдімекенге ауыз су құбыры тартылып жатыр. Сондай-ақ Сайрам аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өтуде.




