Түркістан облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесі талқыланды

Түркістан облысы полиция департаментінде интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шараларын күшейту мақсатында жедел кеңес өтті. Кеңесті облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев бейнебайланыс режимінде өткізді. Кеңес жұмысына өңірлік қалалар мен аудандық полиция бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары қатысты.

Жиын барысында интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының санының артуы, оның негізгі түрлері мен себептері жан-жақты талқыланып, орын алған кемшіліктер сынға алынды. Сонымен қатар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде профилактикалық бағыттағы ақпараттық шараларды белсенді түрде жүргізу қажеттігі көтерілді. Өз сөзінде Арман Бейсенбаев учаскелік полиция инспекторларының қоғаммен байланысын нығайту маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, алаяқтық әрекеттерден сақтандыру бағытында нақты және жүйелі жұмыстар атқарудың қажеттігін ескертті. Кеңес қорытындысында интернет-алаяқтықтың алдын алу – ішкі істер органдарының басым бағыттарының бірі екені айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.