Түркістан облысында энеретика мәселесін шешетін жоба жүзеге асады

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Н.Көшеров Сайрам ауданына жұмыс сапары барысында жалпы қуаты 1000 МВт-қа дейінгі маневрлік генерациялау режимі бар бу-газ қондырғысы базасында электр станциясының құрылысымен танысты. Бұл жобаны “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ “АҚ еншілес компаниясының  “Түркістан ПМУ” ЖШС жүзеге асырады.

 ​Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауы шеңберінде, Қазақстан Республикасының энергожүйесінің теңгерімдік сенімділігін қамтамасыз ету үшін іске асырылуда. Жобаны іске асыру тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы республикада да электр энергиясының сапасын арттыруға, энергетикалық жүйенің теңгерімділігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 722,7 млрд. теңгені құрайды. 2000 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Бұл ретте “Самұрық-Қазына” қорының басты міндеттерінің бірі тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамту үлесін барынша арттыру болып табылады.

Кәсіпорын жылына 1000 МВт электр энергиясын қамтамасыз етеді және бұл бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай туғызады, Қазақстанның ең тығыз қоныстанған өңірлерінің бірінде жаңа жұмыс орындары ашылады.

Жоба 2024-2026 жылдары іске асырылатын болады және ТМД аумағында баламасы жоқ. Жобаның бас мердігері — кореялық “Doosan” компаниясы және “Bazis Constraction”ЖШС. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау үшін учаскені жоспарлау бойынша жер жұмыстары басталды.

Электр станциялары іске қосылғаннан кейін, электр қуаты тапшылығының орнына аймақ профициттік мәртебеге ие болады.

ПІКІР ЖАЗУ