Түркістан облысында екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізуші ұсталды

Жетісай ауданының полиция қызметкерлері жол жүрісі ережесінің сақталуын қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша аудан аумағында рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Осы бағытта өткізіліп жатқан республикалық «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы кезінде, жетісайлық тәртіп сақшылары масаң күйде көлік басқарған жүргізушіні анықтады. Яғни, полицейлер Жетісай қаласында жол жиегіне шығып кеткен «Daewoo Nexia» маркалы көлікті байқап, бірден тоқтатып, құжаттарын тексереді. Осы сәтте жүргізушінің бет-әлпеті, сөйлеу мәнері оның ішімдік ішкеніне күдік тудырды. Полицейлер тез арада қажетті шараларды атқарып, медициналық сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысына сәйкес жүргізушінің «орта дәрежеде» мас болғаны анықталды.
Бұдан бөлек жүргізушінің көлік басқаруға қажетті куәлігі жоқ болып шықты. Полицейлер анықтағандай, жүгенсіз жүргізуші 2019 жылдың наурыз айында көлікті мас халде айдап ұсталып, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен 3 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған. Сондай-ақ, бұрын ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша сотты болған. Алайда жүргізуші өзінің бұрын сотты болғанына және жүргізуші куәлігі жоқтығына қарамастан, екінші рет ішімдік ішіп көлік тізгіндегені белгілі болды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 346-бабы «Масаң күйде алкогольдік есіртікілік және (немесе) уытқұмарлық); реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препеараттардың әсерімен; жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін сырқат немесе шаршаулы күйде көлік құралын басқару» бойынша тіркелді. Қазіргі таңда жүргізуші қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Ең бастысы көлікке мас күйде отырмаңыз. Мұның соңы, өз өміріңізбен қатар, өзгенің өміріне қатысты қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін екенін естен шығармаңыз!

ПІКІР ЖАЗУ