Түркістан облысында биыл 1 100 шақырымнан астам жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, 2024 жылы облыс көлемінде 1 100,3 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді. Ал, жыл қорытындысымен 546,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

-«Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 368,1 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүруде. Ал аудандық маңызы бар 97,3 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, елді мекендердегі 630,6 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы – техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында. Сондай-ақ, басқарманың шаруашылық жүргізу құқығындағы «Оңтүстік жолдары» мекемесі жыл бойына облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарымен айналысады. Кәсіпорынға 39 бірлік арнайы техника бекітілген және 174 қызметкер жұмыс істейді», – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, 2024 жылы көктемгі жауын салдарынан Сауран ауданында Бабайқорған-Кентау бағытындағы 2 көпірді су шайып, 1 көпір апатты жағдайға жеткен болатын. Басқарма тарапынан қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, көпірлер толық пайдалануға берілген.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникация қызметі

ПІКІР ЖАЗУ