Түркістан облысында бейнебақылау камераларының көмегімен 227 қылмыс ашылған

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті мәжілісі өтті. Күн тәртібінде  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы және отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған жұмыстар, қоғамдық орындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бейнебақылау жүйесін жетілдіру, ауыр қылмыстардың профилактикасы, оның негізгі себептері және кәмелет жасына толмағандардың арасындағы қылмыстарды болдырмау мәселелері қаралды.

Жоғарыда аталған тақырыптар бойынша Полиция департаментінің жауапты өкілдері мен басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Құқық қорғау органдарының басшылары тарапынан да ұсыныстар беріліп, тапсырмалар хаттамаға енгізілді.

Облыста жыл басынан тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы  286 дерек анықталып, олардың 118-і бойынша әкімшілік шара көрілді және 29 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Полицияның мәліметінше, жалпы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құқықбұзушылық оқиғалары төмендеген. Өңірдегі барлық аудан, қалаларда 17 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Оларға 2025 жылға жергілікті бюджеттерде 1063,4 млн. теңге қаралған. Орталықтарда жалпы 261 адам қызмет атқаруда. Мұнда зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға уақытша жатын орындар ұйымдастырылған. Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және қолдау көрсетуді ұйымдастыру бойынша барлық аудан, қалада мобильді топтар құрылған.

Мәжілісте қоғамдық орындарда, білім ұяларында қауіпсіздікті сақтау, бейнекамералармен қамту мәселесі де қаралды. Түркістан қаласында және облыс көлемінде қоғамдық орындар мен көше, жол бойларында Жедел басқару орталығына және аудандық кезекші бөлімдерге қосылған  2 137 бейнебақылау камерасы мен 219 автоматты түрде айыппұл салатын аппараттық-бағдарламалық кешендер қызмет атқарады. Осы бейнебақылау камераларының көмегімен 2025 жылдың 6 айында 227 қылмыс тіркеліп, барлығы ашылған, 554 мың 573 құқықбұзушылық анықталып, олар бойынша 7 млрд. 596 мың теңге айыппұл салынған. Қауіпсіздікті нығайту жұмыстары жалғасады.

Комиссия мүшелері ауыр қылмыстар профилактикасы, кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтарды жою бойынша да ұсыныстарын жеткізді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл жалпы тіркелген құқықбұзушылықтар саны  5,9%-ға (2 551-ден 2 400-ге), оның ішінде аса ауыр қылмыстардың саны 46,8%-ға  (62-ден 33-ке), орта дәрежелі қылмыстардың саны 13,3%-ға (765-тен 663-ке) төмендеген. Дегенмен алаяқтық фактілері көбейіп барады. Полицейлер тұрғындарға алаяқтардан сақ болуды, қаржылық сауаттылықты көтеру керектігін ескертеді. Жасөспірімдер құқығын қорғау мәселесі де басты назарда тұр. Биыл облыста жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 8,2 пайызға (61-ден 56-ға, 5 дерекке) төмендеген.

Аталған бағыттағы жұмыстар жанданып, тұрақты түрде жалғасады.