Түркістан облысында «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны өтті

Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны өтті. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен ауқымды акцияға ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар ұйымдары, «Жас сарбаз» қозғалысының белсенділері, қоғам белсенділері мен пікір көшбасшылары қатысты.

Марафонның негізгі мақсаты – жастар арасында ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ел тарихын ұлықтау, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай соғыс және тыл ардагерлеріне тағзым ету.

Шара барысында эстафетаны Қызылорда облысынан арнайы келген делегация Түркістан облысына салтанатты түрде табыстады. Эстафетаны Түркістан облысы атынан Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов қабыл алды. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов бастаманың маңыздылығына тоқталып, жас ұрпақтың бойына патриотизмді сіңіру басты міндет екенін атап өтті.

Сонымен қатар қариялар «Ардагер өсиеті» хатынан үзінділер оқып, баталарын берді.

«Ардагер өсиеті» марафоны маусым-қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірін аралап, өз мәресіне Астана қаласында жетеді. Соңғы нүктеде өсиет хат арнайы қорғалып, елордада сақталатын болады.