Түркістан облысында 5 мыңға жуық отбасы тұрғын үйді жалдауға субсидия алады
Бұл туралы бүгінгі өткен брифингте облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Орынбекұлы мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Түркістан облысында тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялаумен «Отбасы банк» АҚ жүзеге асыруда. Бағдарлама талаптарына сәйкес, тұрғын үй кезегінде тұрған 33 277 азамат мемлекет қолдауына ие бола алады. Олар 1 және 2 топтағы мүгедектер – 6 512 адам, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар – 2 595 адам, жетім балалар – 1 846, көпбалалы отбасылар – 22 324.
– Биылғы жылдың 1 тоқсанында «Отбасы банк» АҚ мекемесіне келіп түскен және мақұлданған өтініштер саны 2 мыңға жуықтаған. Өтініштер санына қарай, 2023 жылға басқарма мен «Отбасы банк» АҚ арасында келісім-шарт түзіліп, облыстық бюджеттен қаражат қаралған болатын. Алайда, мамыр айынан бастап өтінім берушілердің саны күрт өсіп, шілде айында 5 000-ға жуықтады. Жалпы Республика деңгейінде 11 563 өтінімге жалдау ақысын субсидиялау тағайындалған. Оның ішінде Түркістан облысында биыл 7 ай қортындысымен 4 524 отбасы үйді жалдау ақысына субсидия алған. Бүгінгі таңда өтінімдердің саны 6 460-қа жетіп отыр. Бұдан бөлек, жалға алушылардың жалға берілетін тұрғынжайды мақсатты пайдалануы бойынша аудан-қала әкімдіктерімен мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде субсидия алып жатқан 5 011 азаматтың 2 773-нен кемшіліктер анықталды. Бұл ретте облыстық бюджеттен төленетін ай сайынғы 58,2 млн. теңгенің мақсатсыз жұмсалуы тоқтатылды,- деді басқарма басшысы.
Айта кетсек, жалпы Түркістан облысында тұрғын үй кезегінде 61 224 азамат тұр. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1 846, көпбалалы отбасылар – 22 324, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтар – 23 346, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері – 13 620, жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар – 88. Осыған орай, биыл 11 айдың қорытындысымен кезекте тұрған 1 227 отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Жалпы Түркістан облысы құрылғалы бері, яғни 2018-2023 жылдар аралығында кезекте тұрған 6 457 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілген.