Түркістан облысында 5 адам газдан уланып қайтыс болған
Төтеншелік мамандар үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жыл басынан бері елде 8 мың өрт тіркеліп, 213 адам қаза тапқан. Ал былтыр Түркістан облысының өзінде 5 адам газдан уланып қайтыс болыпты. Ауыр апаттың алдын алу үшін биыл өңірде жылыту кезеңінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр. Төтеншелік мамандар үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Оқыс оқиғаның дені қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болады. Мамандардың айтуынша, кейбір азаматтар бір уақытта бірнеше жоғары қуатты құрылғы қосады, сәйкесінше электр желісіне шамадан тыс жүк түседі. Сондай-ақ мұржаларын күйеден тазаламайтындар да көп екен.
«Көбінесе үйдегі өрттің шығуына байланысты. Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында тұрғын үйде көмір жаққан. Пешті тазаламаған. Содан түтін пештің есігінен кері түтін шыққан. Соның салдарынан бөлмеде ұйықтап жатқан адамдар уланған», – деді №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Бауыржан Нұрғазы.
Құтқарушылар аязды күндері тұрғындардың пешті ұзақ уақыт пайдалануынан оның жарылып, тіптен өртке ұласуы мүмкін екенін ескертеді. Ал өрт – тілсіз жау. Сақтанбасаң, сарсаңға түсіреді.
«Пешке киім іліп қоюға, жанғыш заттарды жақын қоюға болмайды. Сіріңкені балалардың қолы жететін жерде қоюға болмайды. Жуыну бөлмелеріне газ бағаналарын қоюға болмайды. Себебі ол жер ылғал. Газдың иісі сезілмейді. Сондықтан бірден өлімге алып келуі мүмкін», – деді Ордабасы аудандық ТЖБ аға инженері Нұрпейіс Бердалы.
Ал жалпы жыл сайын 10 мыңнан астам өрт тіркеліп, соның салдарынан 300-ден аса адам көз жұмады екен. Тұрғындарды ақпараттандырып, жүргізген түсіндіру жұмыстарына қарамастан, өрт оқиғалары қай-қай өңірде де жиілеп барады. Сондықтан мамандар қазақстандықтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып отыр.