Түркістан облысында 241 нысанның құрылысы жүріп жатыр
Түркістан өңірінде Облыстық құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып табылатын 241 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл соның 110 нысанын тапсыру жоспарланып, 77 нысан пайдалануға берілді. Қалған 33-і жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады деп көзделіп отыр. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды облыстағы нысандардың құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырды.
– Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жалпы ғимараттардың құрылысын көктем, жаз мезгілдерінде аяқтау керек. Дайын ғимаратты толық әрлеп, сәндеп тапсыру үшін біраз уақыт кетеді. Құрылысты қыс мезгіліне қалдыруды доғару керек. Қаржысы бөлінді ме, жұмыс кестеге сай жүргізілсін. Ғимараттардың сапасына да сын айтылып жатады. Қатаң қадағалап, талапқа сай нысандарды ғана қабылдау қажет , – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев осы саладағы жұмыстар мен өзекті мәселелерді баяндады. Оның айтуынша, әкімшілік ғимараттар бойынша Түркістан облысында биыл 5 нысанды тапсыру жоспарланған. Бүгінде 2 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, қалған 3 нысан жуырда тапсырылады. Кейбір мердігерге айыппұл салынып, жұмысшы санын көбейту туралы нұсқау берілген.
Биыл тұрғын үй саласы бойынша Түркістан қаласында 3341 пәтерлі 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы ауданы 198,9 мың шаршы метрді құрайды. Бүгінгі таңда 50 үй қабылданып, қалған 5 үй желтоқсан айының соңына дейін тапсырылады. Инженерлік инфрақұрылым бойынша кәрізбен және газбен жабдықтау, газбен қамту, ауланың құрылысы секілді 13 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда 6 нысан пайдалануға тапсырылып, қалғаны жыл соңына дейін тапсырылады. 14 нысанның 11-і пайдалануға тапсырылды, қалған 3 нысан жоспарға сәйкес осы айдың соңына дейін аяқталады.
Әлеуметтік қамтамасыз ету саласы бойынша Сауран ауданы Ораңғай ауылындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 200 орындық оңалту орталығының құрылысы да беріледі. Бүгінгі таңға ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстарын аяқтау, құрал-жабдықтарды дайындау және асфальт төселуде. Нысанда 70-80 жұмысшы жұмылдырылған. Мерзімінде тапсыру үшін күнделікті бекітілген тапсырысшы, техникалық және авторлық қадағалаушы мамандары басында жұмыстарды ұйымдастыруда. Қолмен басқару процесі арқылы жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар биыл 21 білім беру нысанын пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңға 7 мектеп пайдалануға тапсырылған. Қалған 14 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде, таяуда тапсырылатын болады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету саласындағы жыл соңына дейін тапсырылатын нысандар бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша облыстағы 832 елді мекеннің 719-ы ауыз сумен қамтылған. Қалған 113 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары жоспарлы түрде іске асады. Бүгінгі таңда 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының барысына биылғы 6-7 желтоқсан күндері аралығында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары тарапынан мониторинг жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен 5 нысанның мерзімінде пайдалануға тапсырылмау қаупі бар екендігі анықталды. Мердігерлер мен жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілген. Облыстағы 833 елді мекеннің 465-і газбен толық қамтылса, қалған елді мекендерге алдағы уақытта газдандыру жұмысы жүргізіледі. Жақында ғана өңірдің бірнеше елді мекені газға қосылған болатын.