Түркістан облысында 140 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді

Түркістан облысында бүгінде 142 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеуде. Бұл көрсеткіш бойынша облыс елімізде екінші орынға тұрақтаған. Ал, Түркістан қаласының өзінде 13 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Бұл туралы бүгінгі брифингте Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева мәлімдеді.
«Бүгінде Түркістан қаласы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм салалары бойынша дамуда. Шаһар көне Жібек жолының бойында орналасқандықтан кәсіпкерлік мұндағы алдыңғы қатарлы салалардың бірі болып табылады. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңсесі қарқынды жұмыс жүргізуде» – деді Инара Әбдіғаппарқызы.
Сонымен қатар, Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығы кәсіпкерлік салада әйелдердің белсенділігін арттыру мақсатында бизнес идеяларға қолдау көрсетуде. Мұнда кез-келген қыз-келіншек кеңес алып қана қоймай, іс жүзінде көмек пен қолдау ала алады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

ПІКІР ЖАЗУ