Түркістан облысы: Мамандар балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады

Түркістан облысы аумағында жалпы 19 балық аулауға арналған су айдындары бар. Бүгінде елімізде шомылу маусымы аяқталып, балық аулау кезеңі жүріп жатыр. Осыған орай, өңірдегі Төтенше жағдайлар департаменті және оның аумақтық бөлімшелері құзырлы мекемелермен бірлесіп, тұрақты рейд және профилактикалық жұмыстарын жүргізуде. Бұл жайында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Оразгелді Дүйсен брифингте мәлімдеді.

– Жыл басынан бері 7 мыңнан аса рейдтік шаралар жүргізілді. Онда 202 рет халықпен кездесу өтіп, «Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік іс-шаралары» тақырыбы бойынша әлеуметтік желілерде 13 бейнеролик орналастырылды. Сонымен қатар, аңшылық дүкендерде – 5 241, балық аулау орындарында – 9 550 нұсқаулықтар жүргізілді. Бұдан бөлек, 15 мыңға жуық үгіт-насихат материалдары таратылып, газет пен журналдарда – 49 мақала жарияланды. Профилактикалық іс-шараларға еріктілер тартылуда,- деді спикер.

Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан жыл басынан бері өңірде 1 қайғылы жағдай орын алған. Жалпы, 2018 жылдан бері облыс аумағында 16 адам балық аулау кезінде қайтыс болған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

ПІКІР ЖАЗУ