Түркістан облысы білім басқармасының алқа мәжілісінде өзекті мәселелер талқыланды
Түркістанда Облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Маңызды жиынға білім саласының өкілдері, жауапты басшылары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев сала басшыларының есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
Мәжілістің күн тәртібінде «Қауіпсіз мектеп» жобасының іске асырылуы, оқу жылының қорытындысы, жаңа оқу жылына дайындық, мектептерді күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу мәселелері, балаларды жазғы лагерлермен қамту жұмыстары талқыланды.
Жауаптыларға балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру, оқушылардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 1000-нан астам мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен тозығы жеткен білім ұяларын реттеу және қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары атқарылуда. Осы бағытта биыл облыстағы 22 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Былтыр өңірде 20 мектеп пайдалануға берілді. Ал, биыл облыста 43 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 29-ы “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы арқылы болса, қор есебінен 14 білім ордасы бой көтереді.
Сондай-ақ, биыл 100-ден астам оқу орнының ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 71 білім беру ұйымының жылыту жүйесі газға ауыстырылады.
Алқа мәжілісі соңында жазғы шомылу кезеңдерінде ауылдарда ата-аналарымен бірге балалар қауіпсіздігіне барынша мән беру тапсырылды. Салаға жауаптылар полиция, төтенше жағдай қызметкерлері, еріктілермен бірге оқыс оқиғалардың алдын-алу, суға жүзуді үйрету шараларымен айналысатын болады.