Түркістан облысы ауыл шаруашылығы индикаторларын орындау бойынша көшбасшылар қатарында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген жол картасы бойынша 2025 жылға негізгі 10 индикаторлық көрсеткіштер жоспары бекітілген. Аталған жоспардың орындалу Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жоспарды кешеуілдеткен аудан, қала әкімдерінің есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуныша, осы салада 6 айда жалпы өнім көлемі 253,9 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,7 %-ды  құрады. Негізгі капиталға инвестиция тарту 44,2 % орындалып, 103,8 млрд. теңгеге инвестиция тартылды. 6 айда 82,3 млрд. теңге инвестиция тарту жоспары 1,3 есе артық орындалды. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 гектарға орналастырылып, жоспар 1,4 есе артық орындалды. Егіс алқаптарына ғылыми негізде 189,8 мың тонна тыңайтқыштар енгізу жоспары 109 % орындалды немесе 206,2 мың тонна тыңайтқыштар сатып алынды. Машина трактор паркін 6,5 % жаңалауды қамтамасыз ету бойынша 877 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жалпы 2025 жылға 1649 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған.

Техникаларды жаңалау үлесі 9,4 %-ға жетеді. Шардара ауданында «Батырхан ата» ЖК-нің «2200 тонналық көкөніс сақтау қоймасы» жобасы жүзеге асырылды. Түлкібас ауданында «Кентау» ЖШС-нің «2000 тонналық көкөніс сақтау қоймасы», Сайрам ауданында «Shagyr Fruit» ЖШС-нің «2200 тонналық көкөніс сақтау қоймасы» жобалары жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарланған.

Жалпы АӨК даму көрсеткіштерінің орындалуы бойынша басқарма тарапынан ай сайынғы рейтинг бағалау жұмыстары жүргізілуде. 6 айдың қортындысымен алғашқы үштікке Түлкібас, Созақ, Отырар аудандары орналасқан. Көш соңындағы аудан, қала әкімдеріне тиісті ескерту беріліп, жұмысты ширату тапсырылды.

Айта кетейік, АӨК-тің инвестициялық жобалары бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, жалпы құны 227,5 млрд. теңгені құрайтын 60 жобаны іске асыру көзделген (2252 жаңа жұмыс орны құрылады). Биылғы жартыжылдыққа 53,6 млрд. теңгеге 17 жоба іске асырылып, 726 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін қалған 12 жоба (69,6 млрд. теңге) жүзеге асырылмақ.