Түркістан облыстық мәслихатының кезекті төртінші сессиясы өтті

2023 жылғы 10 шілдеде сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті төртінші сессиясы өтті. Сессия жұмысының алдында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға облыстың Құрмет грамотасы табысталды.

Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті төртінші сессиясының жұмысына облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, облыстық қоғамдық ұйымдар төрағалары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов жүргізді.

Күн тәртібінде 15 мәселе қаралды.

Сессияда Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі туралы басқарма басшысы Қ.Жолдықараев, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының атқарған жұмыстары жөнінде басқарма басшысы Р.Ибрагимов, облыс әкімдігінің және облыстық тексеру комиссиясының 2022 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөнінде облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Ә.Тасыбаев, сондай-ақ облыстық тексеру комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы А.Жиенбеков баяндама жасады.

Сонымен қатар кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді.

Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Н.Көшеров сессия жұмысын қорытындылап, облыста атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ