Түркістан: облыстық маңызы бар жолдар қардан тазаланып, инертті заттар себілуде

Түркістан облысы аумағындағы жалпы пайдаланымдағы облыстық  маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 3 983,34 шақырым. Оның ішінде 1 943,3 шақырымы – қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар болса, 434 шақырымы – таулы аймақтарда қар басып қалу қаупі жоғары аймақтар.

Облыстық  маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына жұмылдырылған арнайы техникалардың жалпы саны- 118 бірлік.  Жұмылдырылатын жұмысшылар – 259 адам. Автомобиль жолдарын дер кезінде тазалап, көк тайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 5 588 текше метр құм және 417 тонна тұз әзірленген. Бүгінгі таңда инертті материалдар аудан-қалалардағы қоймаларға жиналған. Арнайы техникаларға қажетті жанар-жағармай отынымен қамтамасыз ету жұмыстары бойынша 180 тонна дизель, 150 тонна бензин отыны дайындалған.

Сондай ақ, ауа-райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 4 жылыту бекеті орналасқан. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында – Шыбықбел және Одаманбұлақ, Созақ ауданында – Ащысай мен Таскөмірсай жылыту бекеттері бар. Аталған 4 жылыту бекетін жылы күйде ұстау мақсатында 70 тонна көмір жеткізіліп, тәулік бойы жылы күйде ұстау үшін кезекші қойылған. Жылыту бекеттері бір мезгілде 40 адамды қабылдай алады. Яғни, төсек орнымен және азық-түлікпен толығымен қамтамасыз етілген.

Қардың жаууына байланысты көлік магистральдарында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда авариялық-құтқару жұмыстарына шұғыл әрекет ету бойынша Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті, Түркістан облыстық Әкімшілік полиция басқармасы және «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Түркістан облысы филиалы арасында іс-әрекет ету жоспары бекітілген.

ПІКІР ЖАЗУ