Түркістан облыстық кітапханасында «Мархабат Байғұт» залы ашылды
Бүгін Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында белгілі жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Мархабат Байғұт атындағы залдың ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, зиялы қауым өкілдері, Мархабат Байғұттың отбасы, шәкірттері, қаламгерлер қатысты.
– Түркістан қазір рухани-мәдени орталыққа айналып келеді. Осынау қасиетті шаңырақ – кітапханамыз игі істердің ұйытқысы болып отыр. Өткен аптада мемлекет және қоғам қайраткері «Өзбекәлі Жәнібек» атындағы залдың ашылуына куә болдық. Бүгінгі жиналуымыздың басты себебі, баршамыз ардақтайтын, мақамы ерекше «Мархабат Байғұт» залы ашылды. Бұл ел руханияты мен қазақ әдебиеті үшін жасалып жатқан ерекше құрмет деп білеміз. Алдағы уақытта заңды жалғасы ретінде елге еңбек еткен тұлғаны дәріптейтін, ұлықтайтын істер жалғаса береді, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Кешке журналист, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай модератор болды. Дөңгелек үстел алдында қазақ әдебиетінің марқасқасының ата-анасы жайлы айтқан фильмі көрсетілді. Басқосу барысында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Мархабат Байғұттың замандасы, жазушы Захардин Қыстаубай, жары Қыздаркүл Байғұтова, Жарылқасын Әзіретбергенов, Абай Балажан, Бақытжан Алдияр пікір білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
Кітапхананың бірінші қабатында фото және инсталляциялық көрме жасақталған. Алдымен келушілер соны тамашалап, үшінші қабаттағы залдың лента қию рәсіміне қатысты. Одан соң Мархабат Байғұт өмірі мен шығармашылығына, қызметіне байланысты көрме таныстырылды. Арнайы дайындалған оқырман залы көпшілікке арналған.
Шара барысында «Фараб» кітапханасының ұжымына Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтың арнайы алғыс хаты табысталды. Тағылымды жиын бейнемұрағатта жазылған біртуар азаматтың батасымен қорытындыланды.
Айта кетейік, Мархабат Байғұт – әңгіме жанрына көптеп қалам тербеген жазушы. Оның шығармаларынан бөлек артынан қалдырған нақыл сөздері де оқырман көңілінен орын алған. Ол Түркістан облысының рухани саласының дамуына айрықша үлес қоса білді. Оның еңбегі ел есінде сақталады.