Түркістан: облыс әкімінің бірінші орынбасары кентаулықтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов тұрғындарды өзі жетекшілік ететін салалар: Сәулет және құрылыс, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, Бақылау басқармаларына қатысты мәселелер бойынша жеке қабылдады. Кезекті қабылдау Кентау қаласында өтіп, қала тұрғындарының мәселелері тыңдалды. Кездесуде тұрғындардың басым көпшілігі коммуналдық мәселелерді, оның ішінде ауланы жарықтандыру, жол салу, жылу мәселелерін көтерді. Одан бөлек, кентаулықтар тұрғын үйді жекешелендіру, газ құрбырын орнату және тағы басқа мәселелер бойынша көмек сұрады.
Қабылдауда кентаулық тұрғынның бірі мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде «толық емес отбасы» санаты бойынша тіркелген азаматтарға қоныстану құқығымен 2019 жылы берілген үйді бастапқы жарнасыз жекешелендіруге ықпал етуді сұраса, бірі тұрғын үйді әлеуметтік жағдайына байланысты тегін жекешелендіруге көмек сұрайды. Өтініш иелеріне заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге келген тұрғын газ жәшігінен газ құбырын тегін тарту бойынша мәселесін жеткізсе, тағы бір тұрғын газ жәшіктерін орнату барысында жобадан қалып кеткен үйіне газ жәшігін орнату жайын көтерді. Қазіргі таңда, жобаға енбей қалып кеткен тұрғын үйлер мен көшелерге газ реттегіш шкафты пунктін орнату жұмыстарына Кентау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан сметалық құжаттама әзірленіп, Кентау қалалық экономика және қаржы бөліміне бюджеттік өтінім ұсынылды.
Гаражная көшесінің тұрғыны көшені жарықтандыру мәселесін көтерді. Бүгінгі таңда «Жасыл қала» КММ тарапынан қала көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың желтоқсан айының соңына дейін аталған көше толық жарықтандырылады.
Зұлпыхар Жолдасов жауапты сала басшыларына тұрғындардың өтініштерін назарға ала отырып, заң аясында шешімін табуды тапсырды. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, орындалу барысы басшылық назарында болады.