Түркістан музыкалық драма театры Әзербайжанда өткен халықаралық театр фестивалінде жүлдеге ие болды
Әзербайжан астанасы Бакуде және Шуша қаласында Әзербайжан мемлекеттік ұлттық театрының 150 жылдығына және жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына, сондай-ақ ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына 30 жыл толуына орай өткен І Халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті. 4 күн бойы түбі бір түркі елдерінен келген 9 театр ұжымы бақ сынады. Қазақстан Республикасының атынан «Қорқыт туралы аңыз» туындысымен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының Түркістан музыкалық драма театры қатысты.
Алдымен 2023 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланған Шуша қаласында түркі әлемінің театр өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Содан соң шараға қатысушылар Бакудегі Құрмет аллеясында Әзербайжан мәдениетінің зор меценаты болған Ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиевтің зиратына барып, гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Әділ Каримли баршаны түркі әлемі өнерінің өкілдерін біріктірген фестивальмен құттықтап, сәттілік тіледі. Өз кезегінде ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев түркі әлеміндегі тұңғыш кәсіби театрдың осыдан 150 жыл бұрын пайда болған Әзербайжан театрының ғасырлық өнер жолына тоқталып, бүгінгі таңда өз үлесін қосып жүрген өнер өкілдерін құттықтады. Сондай-ақ саланы дамытып жүрген жандарға жаңа шығармашылық табыс тіледі.
Өнер мерекесінің бірінші күні Әзербайжан мемлекеттік академиялық ұлттық драма театры Халық жазушысы Ілияс Ефендиевтің «Әмірші мен қызы» пьесасы негізінде «Қарабахнама» спектаклін ұсынды. Ал үшінші күні түркістандық өнерпаздар сахналаған пластикалық қойылымды әзербайжандық көрермен ықыласпен қабылдады. «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі түркі халықтарының бәріне ортақ рухани абызы, ойшылы, жырау, қобызшы Қорқыттың дүниетанымы мен мұрасына арналған. Либреттоның авторы – жазушы, драматург, қоғам қайраткері Ермек Аманшаев. Спектакльдің қоюшы режиссері және балетмейстері – Константин Семенов. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.
Қазылар алқасының шешімімен ашылғанына үш жыл ғана болған Түркістан музыкалық драма театры «Ең үздік пластикалық қойылым» номинациясын иеленді. Марапаттау рәсімінде барлық қатысушыға қатысқандығы үшін арнайы дипломдар табысталып, құрмет көрсетілді. Сондай-ақ төрелік еткен өнер майталмандары арнайы жүлделерді табыстаса, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Түркістан театрына жүлдені өзі тапсырды.
Айта кетейік, фестивальдің басты мақсаты – ТҮРКСОЙ мен барша түркі халықтары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, заманауи театр өнерінің озық үлгілерін таныстыру, халықаралық байланыстарды дамытуға қолдау көрсету, жаңа сахналық стильдердің танымал болуына жағдай жасау.