Түркістан: мемлекеттік қызмет саласына қатысты құқықбұзушылықтар 78 пайызға азайған

Түркістанда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі Ильхам Аметовтың қатысуымен министрлікке бағынысты өңірлік мекемелердің ұжымдарымен кездесу өтті. Семинарда мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет туралы заңнамасы мен этика нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әдепті қалыптастыру мәселелері талқыланды.

– Бүгін өздеріңізбен арнайы кездесіп, семинар өткізіп отырмыз. Мемлекеттік қызметшілерге жүктелген міндет жеңіл емес. Ел сенімін ақтау үшін әдеп пен еңбек нормаларын сақтау аса маңызды. Халқымызда «Ақылың болса арыңды сақта, Ар-ұят керек әр уақытта» деген мақал бар. Мемлекеттік қызметшілер өз арын сақтап, әділдігімен, еңбекқорлығымен, үлгілі іс-әрекетімен даралануы қажет, – деген Ильхам Аметов әдеп кодексіне қатысты талаптар туралы ой қозғады.

Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Дархан Суртеков мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау, білімін көтеру бағытындағы жұмыстарды баяндады.

– ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан 2023 жылы өңірдегі мемлекеттік мекемелерде 37 бақылау және мониторинг жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жұмысына қатысты 407 бұзушылық анықталған. Соған қатысты ұсынымдар енгізіліп, орындалған. Атап айтқанда, бос орындарға конкурс өткізу, еңбек демалысын рәсімдеу және өзге де мәселелер бойынша кемшіліктер анықталып, тиісті ұсыныстар берілді. Айта кетерлігі, Түркістан облысында мемлекеттік қызметке қатысты кемшіліктер 2022 жылмен салыстырғанда 78 пайызға азайған. Бұның бәрі профилактикалық жұмыстар нәтижесі деп білемін, – деді Дархан Суртеков.

Семинарда Әдеп кодексіне қатысты сұрақтар қойылып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

ПІКІР ЖАЗУ