Түркістан: мақта-тоқыма кластерін дамыту бойынша жасалған іс-шара жоспарының орындалуы пысықталды
Түркістан облысының мақта шаруашылығын дамыту және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі стратегиясы 4 басым бағытты іске асырумен қамтамасыз етілетін болады. Атап айтқанда, егістікті әртараптандыру, тұқым шаруашылығы, жаңа агротехнологияларды енгізу және мақта тоқыма кластерін дамыту.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен отырыста мақта-тоқыма кластерін дамыту бойынша жасалған іс-шара жоспарының орындалуы пысықталды. Ел аумағында мақта тек Түркістан облысында өсіріледі. Сондықтан кластер жобасы осы өңірде дайындалуда.
Жобада 75 мақта тоқыма зауыттарын, кәсіпорындар мен фабрикалар салу жоспарланған. Күтілетін нәтиже – 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны және бюджетке жыл сайын 26,2 млрд теңгеге жуық түсім. Бұл бағытта инвестиция қажет.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының басшысы Нұрбек Бадырақовтың баяндауынша, облыстың оңтүстік аумақтарында жүгері, маш және жоңышқа егуге басымдық беріледі. Су үнемдеу технологияларын ендіруге күш салынады. Жаңа технологиялар ағын суды үнемдеп қана қоймай, өнімді үш есе көп жинауға мүмкіндік береді.
Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту аясында облыста тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті Global Textile компаниясымен бірлескен жоба іске асырылуда.
Сондай-ақ кеңесте мақта саласын тоқыма және тігін өнеркәсібімен қатар толыққанды дамыту үшін жергілікті тұқым шаруашылығын дамыту барысы айтылды. Жергілікті тұқым шаруашылықтары мақта өсірушілердің қажеттіліктерінің тек 55% қамтамасыз етеді.
Түркістан облысында мақта өсіру саласында 70 мыңға жуық фермер жұмыс істейді. Өткен жылы 362 мың тонна мақта жиналса, биыл 300 мың тонна жиналады деп болжанған.