Түркістан: қызылша ауруының алдын алу үшін бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы шықты

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов айтты.

Оның сөзінше, облыс аумағында қызылша аурушаңдығының алдын-алу мақсатында 2023 жылғы 3 қарашада «Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық қызылшаға қарсы іс-шаралар туралы» өңірдің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы шыққан. Қаулы бойынша қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан, 6 айдан бастап 10 айға дейінгі және 2 жастан бастап 4 жас 11 айға дейінгі балаларға қосымша жаппай иммундау жүргізілмек.

– Жыл басынан бері облыс бойынша қызылшаға күдікті 985 жағдай тіркеліп, 360 қызылша диагнозы расталды. Оның 71,8 пайызы – 4 жасқа дейінгі балалар, қалғандары – 18 жасқа дейінгі балалар. Қызылшамен ауырған 287 (94%) баланың ата-аналары әр түрлі себептермен егуден бас тартқандар. Оның ішінде, 151 бала, яғни 52,6%-ы діни көзқараспен екпе алмаған. Қызылшаның алдын алудың ең тиімді жолы – екпе алу. Облыс бойынша қызылшаға қарсы жаппай иммундауға 186 235 адам жоспарланып отыр. Оның 46 235-і — 6 айдан бастап 10 айға дейінгі балалар, 125 800-і — 2 жастан бастап 4 жас 11 айға дейінгі балалар және 11 600-і — 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері. Бүгінгі күні облыстық вакцина сақтау қоймасында  «Қызылша -Қызамық – Паротит» вакцинасының  21 000 дозасы бар. Сондай-ақ, қосымша 174 300 дозасы келеді, – деді Түркістан облысының денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Салтанат Жабағиева.

Айта кетерлігі, аталған дертке 4 жасқа дейінгі балалар жиі шалдықса, оның едәуір бөлігін 1 жасқа дейінгі, егу жасына жетпегендер құрайды.

ПІКІР ЖАЗУ