Түркістан: Кентаудағы жылу энергия орталығында күрделі жөндеу жұмыстары басталды

Биыл Кентаудағы №5 жылу орталығы жылыту маусымын жаңа деңгейде қарсы алады. Аталған орталыққа мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында кезекті рет пысықталып, жауаптыларға тапсырмалар берілді.

– №5-ші жылу энергия орталығының дайындығын жылу беру маусымына дейін қамтамасыз ету – ең өзекті мәселелердің бірі. Жөндеу, қайта құру жұмыстары күнделікті бақылауға алынсын. Ай сайын осы мәселе бойынша мәжіліс ұйымдастыру қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Аталған мәселе туралы Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, Кентау қаласындағы № 5 жылу энергия орталығын қайта құру жұмыстарын 3 кезеңге бөліп жүргізу жоспарлануда.

Қаладағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелерін және 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстарын атқару бойынша мердігер мекеме «Ер-Мад» ЖШС-мен келісімшарт түзіліп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құны – 4 431,8 млн. теңге, бөлінгені – 2 105,6 млн. теңге. 2023 жылы 4,7 шақырым жылу жүйесін және 2 сорғы станциясын қайта құру жоспарлануда.

Екіншіден, Кентау қаласы №5 ЖЭО-ның қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстары басталады. Облыстық бюджеттен 1,0 млрд. теңге қаржы қарастырылып, 1-шілдеде мердігер мекеме болып «ЭМ-Холдинг» ЖШС анықталды. Биыл 2 қазандықты жылыту маусымына дейін қайта құру, 2 қазандықты жыл соңына дейін қайта құру және 4 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделген. Осыған орай жеткізуші газ құбырының құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытыңдысы алынды, сметалық құны – 1 553 млн. теңге. Бұл газ құбыры бірнеше күрделі мәселелерді шешеді. Атап айтқанда, ЖЭО мен Хантағы ауылын газбен қамтамасыз ету, 10 үйге қосымша газ қысымы, Индустриалды аймақ, Кентау байыту комбинаты мен Кентау эксковатор зауыттырына арнайы қосылу нүктелері қарастырылған.

Қала аумағында 75 бюджеттік мекеме бар. Бюджеттік мекемелерге қажетті 1394 тонна қатты отын (көмір) мен 390 175 тонна сұйық отын (дизель) сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда жеке жылу қазандықтарымен жылытылатын бюджеттік мекемелер отын сатып алуға келісімшарттарға тұрды. Бюджеттік мекемелерге көмір жеткізілуі тамыз айына жоспарланған.

Кентау қаласы және оған қарасты ауылдардағы жеке тұрғын үйлерге 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымында 25600 тонна қатты отын (көмір) сатып алу жоспарланған. Қалада көмір сатумен айналысуға 4 кәсіпкер тіркелген.

№ 5 ЖЭО-на қажетті қатты отын – 110 мың тонна, сұйық отын (мазут) –700 тонна, сұйық отын (дизель) – 20 тонна. Кентау қаласы әкімдігі мен «Керемет Энерджи» ЖШС арасында нормативке сәйкес, 20 күндік отын қоры (21,3 мың тонна көмір) 2023 жылдың тамыз айында жеткізілмек. Қосымша 90 000 тонна көмір, 700 тонна мазут, 20 тонна дизель отынын сатып алуға бюджеттік өтінім беріліп, қаржы бөлінген.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ