Түркістан: Кентау қалалық полиция қызметкерлерімен дөңгелек үстел өткізілді

Кентау қалалық сотының судьясы Ұ.Д.Байжігіт «Интернет – алаяқтық алдап-арбау арқылы пайда табудың бір жолы»  тақырыбында  Кентау қалалық полиция қызметкерлерімен дөңгелек үстел шарасын өткізді.

Деректер мен дәйектерге көз жүгіртсек, соңғы жылдары Кентау қаласында интернет-алаяқтық жасаушылардың саны көбейе түскені байқалады. Заманауи технологияларды тиімді пайдалана отырып, қылмыскерлер әртүрлі тәсілдерді қолдануда. Олардың ішінде ең көп тарағаны – веб-сайттар арқылы алдау. 

Әлеуметтік желілерде алаяқтар өз құрбандарының парақшаларын ашып, олардан шұғыл материалдық көмек сұрап немесе туысқандарының атынан жалған өтініш жіберетін жағдайлар да жиі кездеседі. 

Интернет – алаяқтықтың бел алуының негізгі және басты себебі азаматтардың сенгіштігі. Ондай қылмыстарды ашу және тергеуде біршама қиындықтар бар, өйткені қылмыскер үшінші адамдарға тіркелген әртүрлі банк карталары мен карталарды, сондай-ақ әртүрлі абоненттік номерлерді өзіне тиімді қолданады. Өздері тасада тұрып ақша қаражатын шешіп алу үшін үшінші адамдар көмегіне жүгінеді. Мұндай қылмысты ашу үшін барлық деректерді терең талдау керек. Бұл қосымша білікті адам ресурсын, уақытты талап етеді. 

Сондықтан да сенімсіз, белгісіз адамдардан түрлі хабарламалар түскен жағдайда міндетті түрде құқық қорғау органдарына хабарласулары керек.

Жоғарыда көрсетілген мәселелер жөнінде қатысушылар пікір алмасып, өз ұсыныстарын жеткізді.

ПІКІР ЖАЗУ