Түркістан: Келес ауданында шабдалы өсіру жұмыстары жанданады

Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласында биыл оң өзгерістер байқалады. Өңірге арнайы келген түркиялық инвесторлар ауданның табиғи-климаттық ерекшеліктерін зерделеп, жеміс-жидек шаруашылығын, соның ішінде шабдалы өсіруді дамытуға қызығушылық танытып отыр. Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев шетелдік мамандарға өңірдің әлеуетін таныстырып, әріптестік орнату жолдарын талқылады.

Бүгінде «Нұржан» шаруа қожалығының төрағасы Нұржан Умаров Түркиядан 15 000 түп «Орион» сұрыпты шабдалы көшеттерін әкеліп, 12 гектар жерге отырғызды. Бұл көшеттер Келес ауданында арнайы дайындалған аумаққа отырғызылып, алғашқы ірі шабдалы бағының негізі қаланды. Жобаның келесі кезеңінде шабдалы бақтарын кеңейту жоспарланған. Бұл бағытта «Ұлы Дала» өндірістік кооперативінің төрағасы Құрманғазы Асанбаев пен Нұржан Умаров бірлесе отырып, көлемі 51,3 гектар жер учаскесіне шабдалы көшеттерін отырғызу жұмыстарын қолға алмақ.

Алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлер Түркия елінен сапалы көшеттер әкеліп, заманауи жеміс бақтарын құруды жалғастырады. Бұл бастама өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және Келес ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрін көбейтуге жол ашады.