Түркістан: Қазығұрт ауданын дамыту барысындағы мәселелер талқыланды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданы активімен мәжіліс өткізіп, ауданды дамыту барысын талқылады. Кемшіліктерді зерделеп, мәселелерді шешу жолдарын ақылдасты. Сенімді ақтай алмаған кейбір жауапты басшыларға сын-ескертпе айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.

– Биыл мамыр айында келіп, өздеріңізбен жүздескен болатынбыз. Сол кезде Қазығұрт ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының барысымен танысып, аудандағы кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берілген еді. Бүгін осы атқарылған жұмыстарды қорытындылау үшін қайта жиналып отырмыз. Қазығұрт ауданының 2023 жылға негізгі әлеуметтік-экономикалық даму бойынша арнайы меморандум жасалған болатын. Биыл 10 айдың қорытындысымен аудан бойынша бірқатар көрсеткіштер орындалмаған. Өнеркәсіп, өндеу өнеркәсібі, шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстарын күшейтіңіздер. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру  төмен деңгейде ұйымдастырылып отыр. Осы бағытта атқарылған жұмыстарды саралап, тиісті қорытындыларды шығару керек. Тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары бекітілген кестеден кешіктіріліп жатыр. Ауданда орналасқан индустриалды аймақта ағын сулардың ирригациялық жүйелері бұзылған, сыртқы жарықтандыру кабелі орнатылмаған. Өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты шараларды қабылдау керек, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға бірқатар міндет жүктеді.

Мәжілісте аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың есебі тыңдалды. Ол ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды зерделеу барысында анықталған кемшіліктер мен барлық саладағы көрсеткіштерге тоқталды.

Жиын соңында аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмыс орындарын көбейту, туризм саласын дамыту, әлеуметтік нысандарды сапалы әрі уақтылы тапсыру, кәсіпорындарды көбейту, инвестиция тарту жұмысын жандандыру, денсаулық, білім және өзге де салаларда жұмысты ширатып, халыққа қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырмалар берілді.

ПІКІР ЖАЗУ