Түркістан: кәсіпкерлікті жандандыру мақсатында облыс делегациясы Қытайға іссапармен барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру басты мақсат екендігін атап өткен болатын. Осы мақсатта, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындаруын құру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.

Берілген тапсырма аясында өңірдегі 5 ауданның әкімі, басқарма өкілдері, кәсіпкерлер бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Бұл орайда, сапардың негізгі мақсаты – экономикалық дамуы бойынша халықаралық тәжірибе жинақтап, Түркістан өңірінде енгізу, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Делегация құрамында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, сондай-ақ облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов және өңір кәсіпкерлері бар.

Сапар аясында облыс делегациясы Үрімші қаласындағы ең ірі зауыт-фабрикаларын аралап көрді. Үрімші қаласы – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының саяси, экономикалық және мәдени орталығы. Халық саны 4 миллионнан асады. Мұнда мұнай, тоқыма және металлургия өнеркәсіптері басым. Сондай-ақ Қытайдағы ең ірі жел энергиясы орталығы болып саналады.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысынан арнайы делегация құрамында ҚХР-ға іссапармен келдік. Бағдарлама бойынша Үрімші қаласында орналасқан минералды тыңайтқыш өндіретін зауытқа барып, зауыттың тарихымен және өндіріп жатқан өнімнің жетістіктерімен таныстық. Екінші бағытымызда әр түрлі тамақ өнеркәсібіне арналған құрал-жабдық жасап шығаратын зауытты аралап көрдік. Үшінші бағытымызда күніне 25 дана ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығаратын зауыттың жұмысына қанық болдық. Іссапарымыз Чжэнчжоу қаласында жалғасады, – деді Келес ауданының әкімі Жәнібек Есенұлы.

Түркістан облысы делегациясының іссапары әрі қарай жалғасып жатыр. Аудан әкімдері Чжэнчжоу қаласында бизнес өкілдерімен кездесіп, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысады. Сонымен қатар экономикалық аймаққа барып, Лоянг қаласының кәсіпорындарын аралайды. Нәтижесі бойынша Қытайдың бай тәжірибесі негізінде Түркістан өңірінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен алдағы уақытта бірнеше зауыт-фабрикалар жұмыс істейді деген жоспар бар. Делегацияның сапары 8 шілдеге дейін жалғасады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

ПІКІР ЖАЗУ