Түркістан: қаржы саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
15-қараша Ұлттық валюта күні қарсаңында Түркістан қаласының қаржы саласына еңбегі сіңген мамандарға құрмет көрсетілді.
Түркістан қалалық әкімдігінің ғимаратында өткен жиында қала әкімінің орынбасары Талғат Тулегенов төрағалық етті.
Басқосуға шаһардың қаржы саласы ардагерлері мен қазіргі таңда еңбек етіп жүрген үздік мамандар қатысты.
Іс-шарада алғы сөз алған Талғат Байжанұлы экономика саласында атқарылған жұмыстар мен жоспарларға тоқталып, қатысушыларға қала басшысының мерекелік құттықтауын жеткізді.
Келесі болып шаһардың экономика саласының ардагерлері сөз алып, жылы лебіздерін айтты.
Сонымен бірге жиын соңында қаржы саласының ардагерлері мен үздік мамандарына қала әкімінің арнайы алғыс хаттары табысталды.
Тағдырлы кезеңде қабылданған Теңгенің тарихы ҚР Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алады. Арада үш күн өткенде, 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл теңге қолданысқа енді.
Осылайша Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етуін бастаған болатын.