Түркістан қаласының алғашқы гастрокартасы таныстырылды

Бүгін Түркістан облысында алғаш рет «GASTRO FEST TURKISTAN – 2022» ауқымды фестивалі өтті. Облыс орталығында өткен іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысып, фестиваль аясында халықаралық туризм күніне байланысты сала қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Гастрофестиваль – Түркістан қаласының көрнекі белгісіне айналатын, өңірдегі қоғамдық тамақтандыру саласын дамытуға және гастрономиялық брендін қалыптастыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған аймақтағы ауқымды аспаздық шара.

Қаланың 25-тен астам мекемесі гастрофест қонақтарына ұлттық, жергілікті және көше тағамдарын, десерттер мен сусындар дайындады.

Фестивальдің айрықша ерекшелігі – авторлық рецепт бойынша дайындалған көше тағамдары форматындағы дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Фестиваль мәзірінде қонақтар қайта ойластырылған әлемдік хиттерді де сынап көрді.

“Жергілікті халықтың гастрономиялық өнерін насихаттауға бағытталған фестиваль өңіріміздің шебер аспаздарының дәстүрін жалғастыруға оң серпін беру мақсатында ұйымдастырылуда”, – деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов құттықтау сөзінде.

“Жібек жолы” саябағындағы іс-шараға 2 мыңнан астам қонақ қатысты. Гастрофестиваль аспаздардың концерттері, ойындары, конкурстары, шеберлік сыныптары бар бай мәдени бағдарламамен жалғасты.

Сондай-ақ “Open Turkistan” туристік ақпараттық орталығы іс-шара барысында Түркістанның алғашқы гастрокартасын таныстырды. Картада туристерге баруға ұсынылған қала мекемелері туралы ақпарат бар. Бұл картадан, мысалы, нағыз түркістандық самсаны, Оңтүстік кебабын, қазақ тағамдарының көне рецептерімен әзірленген тағамдарды немесе жергілікті фаст-фудты қайдан көруге болатынын білуге болады.

Гастрокарта туристерге арналған нұсқаулық қана емес, сонымен қатар мейрамханалар мен кафелерге бару үшін жеңілдік купондарының жинағы. Барлық купондар жыл соңына дейін жарамды.

Айта кетсек, гастрофестиваль қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімінің орынбасары фестивальдің жыл сайын дәстүрге айналатынына сенім білдірді.

ПІКІР ЖАЗУ