Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жалғасып, инвестицияның көлемі артуда

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жалғасуда.

Түркістан қаласы туризм, мәдениет, медицина, білім мен ғылым, спорттың орталығына айналып келеді. Мұнда тұрғындардың, жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Облыста инвестиция көлемі де ұлғайған. Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 2021 жылдың қорытындысымен 2,3 есеге артып, (2018 ж. – 288,1 млрд. теңге) 660,3 млрд. теңгені құрады. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында Түркістан облысы бойынша 2020-2025 жылдары 323,3 млрд. теңгеге, 4823 жаңа жұмыс орнымен 34 инвестициялық жоба енгізілген. 2020-2021 жылдары инвестициялық құны 13,6 млрд. теңге болатын 19 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 2015 жаңа жұмыс орны құрылды.

– Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі шаһардағы 4 аумақта жүзеге асырылуда. Бірінші аумақ – әуежай аумағы. Мұнда 12 жоба қолға алынады. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, жеміс бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.

Екінші аумақ – әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Халықаралық теннис орталығы салынды. «Мұз сарайының» құрылысы жүруде. Ат спорты кешені, демалыс орындары және денсаулық сақтау нысандары, инженерлік инфрақұрылымы да салынбақ. Сондай-ақ осы аумақта жалпы 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған, – деді Ө.Шөкеев.

Үшінші аумақ – Б.Саттарханов даңғылының бойында да бірқатар жобалар жүзеге асады.

Ал төртінші аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарға алынған.

Бұдан бөлек, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджі қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы салынуда.

Жалпы Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн. теңге болады деп межеленген. Оның 1 трлн. теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар.

Қаланы суландыру, газдандыру мәселесі шешімін тапқан. Жасыл алқап аумағы ұлғайып, қаланың экологиясы да жақсарып келеді. Туристер саны артып, республикалық, халықаралық деңгейдегі басқосулар жиі өтуде.

ПІКІР ЖАЗУ