«Түркістан қаласы әкімдігі алаяқтармен ауыз жаласып отыр» – Депутат жемқорлыққа көз жұмған шенеуніктерді сөкті

Мәжілістегі «АМАNАТ» фракциясының депутаты Бақытжан Базарбек еліміздегі жер саласындағы жемқорлық пен алаяқтық істер өршіп кеткен туралы айтып, Бас прокурор мен Ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«АМАNАТ» фракциясының депутаты Бақытжан Базарбек депутаттық сауалын Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асылов пен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы Саденовқа жолдады.

 

«Жер реформасын бастап жатырмыз, жер саласындағы цифрландыруға кірістік. Бұл, әрине, құптарлық іс, бірақ та еліміздің барлық төңірегінде жер саласындағы жемқорлық пен алаяқтық істер өршіп кеткен. Қай-қайсысын алсақ та, халықтың жермен байланысты зары жергілікті прокурордың, ішкі істер органдары қызметінің шикілігі, әрекетсіздігі және кей жағдайда тікелей араласуы салдарынан орын алып отыр.

Түркістанда Мәншүк Сыздықова атты кәсіпкердің жері мен бизнесіне тиесілі мемлекеттік қажеттіліктер үшін алу барысында өтемақы қаржыны алаяқтық іс жасаған азаматтар жалған сенімхаттың негізінде қолды қылып, соттың заңды күшіне енген шешіміне қарамастан, Түркістанның ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғауға асығар емес. Сорақысы, Түркістан қаласы әкімдігінің шенеуніктері алаяқтармен өзара ауыз жаласуы болып отыр.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданын алыңыздар, 2009 жылдары шығарылған шешімдер салдарынан «Балуан» СК ЖШС-де 286 жуық жер үлескерлері 4985 гектар жерінен  заңсыз айырылған. Қазір қылмыстық іс қозғалса-дағы, күдіктілер бостандықта емін-еркін жүр. Соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша жалпы жиналыстың шешімі заңсыз деп танылса-дағы, соттар бұрынғы әкімнің шығарған заңсыз қаулысын бұзуға асықпайды. Ал сол қаулыларға қол қойған бұрынғы әкім қазіргі таңда Үкіметтің құрамында вице-министр қызметін атқарып жүр.

Жетісу облысын алыңыз. Мұнда, алаяқтық жасаған бір топ азамат жергілікті прокурорлар мен ішкі істер органдарының көмегімен Үбен Машарбетов деген ақсақалды алдап, оның сыртынан жалған шарт жасап, 4000 гектар жерін және ақсақалдың туған баласына тиесілі 2 гектар жерін жалған сенімхаттың нәтижесінде өз атына рәсімдеп алған. Ұзақ жыл бойы Ү. Машарбетовтың атынан субсидия алып отырған. Ең сорақысы, Ү. Машарбетовтың арызы бойынша қылмыстық іс 10 рет қозғалып, жоғары шенділердің ықпалымен 11 рет жабылған! Сорақының сорақылығы, қылмыстық іс материалына сәйкес, осы алаяқтық іс-әрекеттерді ауылдық округ әкімі жасаған!

Тура осындай жағдай Жамбыл облысының Кордай ауданында “Ноғайбай Казэксим” кәсіпорынының 360 жуық жер үлескерлері отбасы (2000 жуық адам) бір сәтте Мұхтар Әблязовтың алаяқтық іс-әрекеті салдарынан 14059 гектар жерінен айырылған. Сорақысы, мұны облыс прокурорлары мен ішкі істер органдары түсініп, біліп тұрса да, үлескерлердің жерлерін аукцион арқылы сатылуын бұғаттай алмады. Ең қызығы, Әблязовтың алаяқтығымен саудаға салынған екі ауылдың жерін электрондық аукционда 93 жастағы кемпір сатып алған.

Ал, Тұрар Рысқұлов ауданында алаяқтық іс жасаған азаматтар шаруа қожалығы иесі Игенбековтің 1542 гектарға жуық ауыл шаруашылық мақсатындағы жерін қолды қылу үшін 2019 жылы жалпы жиналысты ұйымдастыру үшін ресми 2004 жылы қайтыс болған жер үлескерлерін “тірілтіп”, олардың қолымен жерлерін әкімнің қаулысы бойынша өз атына аударып жіберген.

Ал атышулы Кербұлақ ауданының «Бостан» өндірістік кооперативі үлескерлері өзіне тиесілі 2000 гектар жерінен шенеуніктер мен құқық қорғау органдары жауапсыздығы кесірінен айырылып отыр! «Бостан»-ның жерін алып алған кәсіпорын «Бостан»-ның жер үлескерлерін өз кәсіпорының қатысушысы етіп енгізбей отыр. Шыдамы таусылған халық Астанаға барғалы отыр!

Айта берсек, осындай әрбір өңірдегі бизнесмен-сымақ азаматтардың алаяқтық іс-әрекеттері жергілікті құқық қорғау органдары тарапынан тиісті дәрежеде тергелмей жатыр. Осының зарын қарапайым халық көріп отыр. Жерінен алданып айырылған халық жерсіз қалғанын тек бірнеше жыл өткеннен кейін білген. Сотқа шағым жасаса, талаптың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты соттар халықтың талап-арыздарын қайтарып жіберіп отыр. Амалсыз, алаяқтармен өзара ауыз жаласқан жергілікті шенеуніктер мен құқық қорғау қызметкерлерінен шаршаған, ашынған халық жергілікті митингтерді ұйымдастырып, жолдарды жабуға дейін барып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында ауданның жемқор шенеуніктері мен алаяқтарға алданып жерінен айырылған «Бостандық» ауылының үлескерлері 10 жыл бойы жерді игермеген шаруа қожалығынан жерді алып қоюын талап еткеніне бірнеше жыл болды. Амалсыз, конфликтінің ушығуы соншалықты, жер үлескерлері жүріп келе жатқан трактордың астына жатуға дейін барып жатыр.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарында күмәнді жолмен жерді иеленіп алған жер иелері мен жер үлескерлердің арасындағы конфликтілердің ушығып кеткені соншалық халыққа қарсы автоматпен оқ ату, үлескерлерді үйлерінің алдында күзетіп ұрып-соғу, өлтіру туралы қорқыту әрекеттері ушығып кетті.

Жерді заңсыз иеленіп алған алаяқтар әкімдікте отырған жемқор шенеуніктердің, жергілікті прокуратура мен ішкі істер органдарында, сол сияқты жоғары билікте отырған аға-көкелерінің арқасында тайраңдап отыр!

Құрметті Берік Ноғайұлы!

Біріншіден, әрбір факті бойынша мен тиісті құжаттарды жолдаймын. Бас Прокуратура алаяқтықтық факті бойынша тергеу жұмыстарын бастау қажет!

Екіншіден, үлес жерлері бар ауыл шаруашылық кәсіпорындардың жарғылық капиталы мен мүлкін қайтадан бағалаудан өткізу қажет. Жер үлескері қайтыс болған не шетелге көшіп кеткен ауыл шаруашылық кәсіпорындардың жарғылық қапиталы еш өзгермеген, жердің жалпы көлемі де өзгермеген. Бұл заңсыз тірлік және Бас Прокуратура бұны дереу қолға алуы тиіс.

Ашынған, алданған халықтың шыдамы таусылды. Енді ес жимасақ, барлығымыздың жағдайымыз мүшкіл болады!» – деді Бақытжан Базарбек.

ПІКІР ЖАЗУ