Түркістан: қала әкімінің кезекті брифингі өтті
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков облыс орталығының дамуы бойынша арнайы брифинг өткізді. БАҚ өкілдеріне берген сұхбат аясында шаһар басшысы әлеуметтік желілерде көтерілген бірқатар нысандарға қатысты нақты түсініктеме де берді. Атап айтқанда, Әкімшілік ғимараты мен Мәдениет үйі, «Визит орталығы» мен «Қолөнершілер орталығы» және «Ясауи музейі» ғимараттары.
– Түркістан қаласындағы Есім хан алаңында орналасқан Әкімшілік ғимараты мен Мәдениет үйі бұған дейін ашық электрондық сауда-саттыққа қойылған. Ғимараттар бойынша құзырлы мекемелер тарапынан заң талаптарына сәйкес толық тексеру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда ғимараттардың қызметі мақсатты ұйымдастырылып, жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ескі әкімдік ғимаратының қазіргі иесі білім саласына инвестиция құйып, «Болашақ» колледжі ретінде студенттерді қабылдауда. Ал, мәдениет үйінің иесі заңға сәйкес инвестиция тарта отырып, ғимаратты мақсатты қолдануын өз құзырында қалдырды. Аталған нысандарды күтіп-ұстау шығындарын қала бюджетінен өтеу мүмкіндігі болмағандықтан, ашық конкурстар арқылы меншік иелері анықталған. Түркістан қаласының теңгеріміндегі нысандар сенімгерлік басқаруға сатып алу құқығынсыз беріледі, яғни мемлекет мүлкі болып табылады. Сондай-ақ, ғимараттың күтіп-сақталуы — әкімдік тарапынан тұрақты бақылауда болады, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, брифингте бұған дейін сенімгерлік басқаруға берілген «Визит орталығы», «Ясауи музейі» сынды ғимараттар бойынша толыққанды ақпарат берілді.
– Қосымша инвестиция тарту және туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында «Визит орталығы» ғимаратын сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы веб-порталға ашық жарияланған. Нәтижесінде «Туркестанское бюро экскурсий» ЖШС-і жеңімпаз болып танылған. Алайда серіктестік келісім-шартта көзделген талаптарды орындамауы себебінен келісім-шарт бұзылып, аталған ғимарат мемлекет теңгеріміне қайтарылды. Қазіргі таңда облыстық коммуналдық меншікке өткізілген. Ал «Ясауи музейі» бойынша қазіргі таңда нысанда жабдықтау және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ғимаратта тиісті құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін заңға сәйкес қабылдау шаралары жасалады. Бұдан бөлек, кесене аумағында тамақтану орындарының тапшылығын жою мақсатында – қолөнер мектебі ғимаратында орналасқан қолөнершілер мен кәдесый сатушылар уақытша өзге ғимаратқа көшірілді. Қолөнершілер үшін «Мәдени-рухани орталық» аумағынан 2,56 га жер телімі қаралып, «Қолөнершілер орталығы» кешенінің эскиздік жобасы бекітілді. Жеке инвестор есебінен 2023 жылғы тамыз айында құрылыс жұмыстары басталды. 2024 жылдың екінші жарты жылдығында қолданысқа беру көзделген, – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Сонымен қатар, шаһар басшысы Түркістан қаласындағы «Неке сарайы» ғимараты мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталында «Бастама KZ» ЖШС-на сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілгендігін айтты. Сондай-ақ, «Шығыс моншасы» ғимараты ашық веб-портал арқылы 5 жыл мерзімге сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілгендігін жеткізді.