Түркістан: депутат «ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» қызметіне өкпені жасанды тыныс алдыру аппараттарын тарту етті

«Жедел медициналық жәрдем» қызметінің жұмысы облыстық депутаттардың назарында. Бүгін Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Н.Әбішов бастаған депутаттар: А.Салимов, М.Тұрысбеков, И.Намазбаева, Ж.Сүлейменов, Ж.Әбдібаев, Н.Жамалбеков, С.Арыстанов облыстық жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысымен танысты.

Қызметкерлермен жүздесіп, орталықтың қызмет ету деңгейін бақылады. Мекеменің жұмысымен танысу барысында облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков облыстық «Жедел жәрдем» қызметіне өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратының 5 данасын сыйға тартты. Жалпы құны – 55 млн. теңге.

– Аппараттар арнайы Жапония елінен сатып алынған. Бір аппараттың құны – 11 млн. теңге. Бүгінде адам баласының басына төнер қауіптің саны көп. Соның бірі – аяқ астынан болатын жарақат түрлері. Көлік қақтығыстарында, күнделікті тұрмыста, құрылыста, өндірісте, түрлі дәрежеде жарақаттанып, «Жедел жәрдем» қызметі шақырылады. Сондықтан бұл аппараттарды халыққа қызмет көрсету сапасы жоғары, жылдам әрі тапшылық болмауы үшін орталық қызметіне пайдаланған дұрыс, – деді М.Тұрысбеков.

Жапонияның медициналық құралы арнайы көлікке орнатылады.

Айта кетейік, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының құрамында 6 бекет, 17 бөлімше және 46 пост бар. Жедел медициналық жәрдем өңірдің 2 088 510 тұрғынына қызмет көрсетеді.  Қызметтік радиусы – 100 шақырымды құрайды. Түркістан облысының жедел медициналық жәрдем станциясы 142 бригадамен толыққан.

Атап айтсақ, дәрігерлік – 34, фельдшерлік – 108. Түркістан облысы бойынша санитарлық автокөліктің жалпы саны – 187. Биыл аймақтың жедел медициналық жәрдем станциясына жаңа типтік ғимарат пайдалануға берілді.

ПІКІР ЖАЗУ