Түркістан: білім – ырыс қазығы
Бүгін Қазақстан бойынша алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды.
Кей оқушыларымыз алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, тағы бір оқушыларымыз бала өмірден ересектікке қанат қағып ұшуға дайын тұр.
Дәл осы, алғашқы қоңырау үні бүгін қаламыздағы 65 мектепте соқты.
4615 оқушы 1-сыныпқа аяқ басса, 11 сыныпты биыл 2631 түлегіміз тәмамдайды.
Әр оқушының өмірінде маңызды орын алатын алғашқы қоңырау рәсімін қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков №21 Пошанов атындағы жалпы орта мектебі оқушыларымен бірге өткізді.
-Шуақты қыркүйек айының алғашқы күні барша оқушы қауым алтын ұя мектебіне қайта оралып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған балдырғандармен бірге сыңғырлаған қоңырау үнімен табысып отыр.
Бүгінгі сағынышқа, шаттыққа толы «Алғашқы қоңырау» мерекесі әр оқушымыздың өмірінде маңызды орын алады. Баланың бал дәурен шағымен қоштасып, білімге талпынған қадамына құт-береке тілеймін” деді, шаһар басшысы салтанатты рәсімде құттықтау сөз алып.
Жиын барысы оқушылардың Алғашқы қоңырау мерекесіне арнайы дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.