Түркістан: “БИ ХАНШАЙЫМЫ” кітабының тұсаукесері өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, қалалық аналар алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаеваның “Би ханшайымы” жинақ кітабының тұсауы кесілді.

“Фараб” әмбебап кітапханасында өткен жиынға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, облыстық мәслихат депутаты, айтыскер Бекарыс Шойбеков және зиялы қауым өкілдері мен би падишасының шәкірттері қатысты.

Басқосуда алғы сөз алған шаһар басшысы Нұрбол Әбдісаттарұлы:

-Мамандыққа деген сүйіспеншілігі және табанды да талапшыл қасиетінің арқасында қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан Ұлжан Әбенқызының еңбек жолы көпке үлгі-өнеге, -деп құттықтауын жеткізді.

Жиын барысы авторлық туындының тұсаукесуімен жалғасып, мерейлі күнге арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты.

Бүгін оқырманға ұсынылған жинақта қазақ би өнерінің дамуына үлес қосқан тәлімгер-ұстаздың өнегелі өмір жолы мен замандастары сыр шерткен ғұмырнамалық эсселер, арнау өлеңдер мен автордың жол жазбалары топтастырылған.

Ұлжан Әбенқызы Мұстафаева – қазақ өнерінің өркендеуінде аянбай еңбек еткен жан. 2001 жылы Түркістан қаласының «Жыл адамы» атанып, 2002 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі мен ОҚО гендерлік саясат бойынша «Ең үздік басшы» номинациясын алған.

Дәл осы жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды. Түркістан мәдениетін біраз жылдар басқарып, түрлі халықаралық жобаларды ұйымдастырған. ҚР Президентінің бірнеше Алғыс хатымен марапатталған.

ПІКІР ЖАЗУ