Түркістан: балалар қауіпсіздігі үшжақты жоспар аясында қорғалмақ

Түркістан облысында білім беру ұйымдарын Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына (ЖБО) қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл – Мемлекет басшысының білім беру ұйымдарын 100% қауіпсіздік жүйелерімен қамту жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған маңызды қадам.
Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық білім басқармасы басшысының м.а. Ғалымжан Орынов, Полиция департаменті бастығының орынбасарлары Бағланбек Айтпаев пен Мұрат Естемесов, сондай-ақ облыстық цифрландыру басқармасы мен байланыс операторларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Кеңесте білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелерінің тиімділігі мен ЖБО-ға қосу барысы талқыланды.
Бүгінде облыста 1400-ден астам балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 175-і мемлекеттік болса, 646-ы — жекеменшік. Бала саны 100-ден көп бөбекжайларда бейнебақылау камераларын орнату міндеттелген.
Қазіргі таңда 15 мемлекеттік балабақша Цифрландыру басқармасының бюджеті есебінен Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылды. Ал, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар өз қаржылары есебінен іске асырмақ.
Өңірде 1300-ге жуық мектеп болса, ортақ істердің нәтижесінде мемлекеттік білім ұяларының 98%-ы Жедел басқару орталығымен байланыстырылған. Колледжерде 85 пайыз орындалып отыр. Ал, дабыл түймелері 100% орнатылып, турникет жүйесі мен арнайы күзет қызметі толық қамтамасыз етілді.
Жиынға төрағалық еткен Бейсенбай Тәжібаев бала қауіпсіздігіне аса мән беріп, бақылауға қосылмаған мекемелердің мәселесін жақын арада шешу керектігін айтты.
— Бала қауіпсіздігі – біздің ең басты міндетіміз. Әрбір білім беру ұйымы толыққанды қауіпсіздік жүйесімен жабдықталуы тиіс. Жедел басқару орталығына қосылмаған мекемелердің мәселесін созбалаңға салмай, ең қысқа мерзімде шешуіміз қажет. Бұл – ата-аналардың сенімі мен балалардың алаңсыз білім алуына кепілдік беретін басты шарт. Сондықтан барлық жауапты органдар үйлесімді жұмыс жасап, техникалық және ұйымдастырушылық кедергілерді дер кезінде жою керек, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыстық білім басқармасы, Полиция департаменті және облыстық цифрландыру басқармасы үшжақты жоспар аясында бұл мәселені кезең-кезеңімен шешуде.