Түркістан: аудан әкімдерінің сайлауына 30 кандидат ұсынылған

Түркістан облысында биыл 5 қараша күні аудан әкімдерінің сайлауы Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ және Шардара аудандарында өтеді. Бекітілген күнтізбелік жоспарға сай аудан әкіміне кандидатты ұсыну 2023 жылдың 16 – қыркүйегінен басталып, 5 қазан күні аяқталды. Жалпы аудан әкімдерінің сайлауына 30 кандидат ұсынылды. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жеңіс Мақұлбаев мәлімдеді.

– Ұсынылған кандидаттардың 9-ы (30%) – саяси партиялар тарапынан, 21-і (70%) – өзін-өзі ұсынғандар. Бәйдібек ауданында – 9, Созақ ауданында – 8, Мақтаарал ауданында – 7, Шардара ауданында – 6 кандидат ұсыныс берген. Кандидаттардың барлығы ер азаматтар. Үміткерлердің орташа жасы – 45, ең жасы – 29-да, жасы ең үлкені – 61-де, – деді Жеңіс Тілләбайұлы

2023 жылдың 5 қазандағы жағдай бойынша ұсынылған 30 кандидаттың 10-ы ресми тіркелген, ал 3 кандидат талапқа сәйкес еместігі анықталған. Қалған кандидаттарды тіркеу жұмыстары жүруде.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

ПІКІР ЖАЗУ