Түркістан: ата-баба дәстүрі – тәрбиенің бастауы
Түркістанда «Ата-баба дәстүрі – тәрбиенің бастауы» тақырыбында байқау өтті. Шараға Түркістан қаласынан 5 команда қатысып, бақтарын сынады. Олар, «Түркістан көпсалалы жоғары медицина» колледжі, М. Мәметова атындағы №6 мектеп, балалар мен жасөспірімдер орталығы, М. Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектебі, Түркістан қалалық мәдениет үйі.
Ата-бабамыздың салт-дәстүрлері халықтың рухани өзегі, мәдениетінің дінгегі, тілінің тірегі. Осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу мақсатында қолға алынған шарада қазылар алқасы 5 топтың дайындығын 2 кезең бойынша байқады. Алғашқы кезең салт-дәстүр бойынша ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді дәріптесе, шешендік өнер кезеңінде қазақ халқының билері, шешендері, сұлтандары мен абыз ақсақалдарының өсиет сөздерін, шешендік өнерін, кесімді шешімдерін, бойларына біткен өресі биік қасиеттерін толыққанды көрініс барысында сипаттап берді.
Әр аудан мен қалалар өздерінің арасында өткізілген байқауларды іріктеу арқылы жоғары нәтиже көрсеткен 1 команданы облыс орталығында өтетін финалға жолдама беруі тиіс. Осыған сәйкес қазылар алқасының құрамы ақылдаса келе, әр топтың үздік нөмірлерін жоғары бағалап, тұтастай команда жасақтайтын болады. Байқау соңында өнер көрсеткен командалар Алғыс хатпен марапатталды.
Президентіміздің бүгінде жүргізіп жатқан саясаты “Әділетті Қазақстан құру-Тәуелсіздігіміздің жарқын болашағы” бағытында жұмыс жүргізу үшін қоғам болып ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін болашағымыз жастардың санасына сіңіріп, жүректерінің төрінен орын алдыра білуіміз керек. Осы бағытта ұйымдастырылған байқау облыс деңгейінде жалғасатын болады деді ұйымдастыру алқасы.